Атыраулықтар қымбат жылу ақысын тексеруді талап етті
Атыраулықтар жылу ақысының не үшін қымбаттағынын түсінбей дау шығарып жатыр. Тұрғындар алдыңғы айға қарағанда бұл жолы үш есе қымбат төледік деп шуласты. Бұқара бұл жылу тарату мекемесінің қолдан жасаған қымбатшылығы болуы мүмкін деп болжап, құзырлы орыннан жан-жақты тексеру жүргізілуін талап етуде.
Автор: Руслан Әбдіхалық
13.01.2021
Осы айда келген түбіртек тұрғындардың титығына тиген. Жұрттың сөзінше, желтоқсандағы жылу ақысы қараша айымен салыстырғанда үш есе өскен. Тұрғындар мұның себебін түсінбей басы қатты.
Шолпан Байқұтова, Атырау қаласының тұрғыны:
- 62 шаршы метрге 16-17 мың теңге келді. Қарашада 5 мың теңге болған. Қанша жерден салқын болғанымен, мүмкін емес қой. 15-16 градустан асқан жоқ. Сондықтан мен неге 16 мың теңге келгенін түсінбедім.
Қымбатшылық тек жаңа бой көтерген ықшамаудан тұрғындарын қыспаққа алған. Береке, Нұрсая және Авангард ауданындағы көпқабатты баспаналарда тариф көтерілген. Тұрғындар, бұл қолдан жасалған қымбатшылық болуы мүмкін деп күдіктенеді.
Сейдіғали Сейітов, Атырау қаласының тұрғыны:
- 40 шаршы метрге 11 мың теңге өте қымбат. Сондықтан көпқабатты үйдегі жалпы есептеуіш құралды тексеру керек. Ол дұрыс істеп тұр ма, нақты көрсеткішті көрсете ала ма? Тек сонда ғана шындыққа көз жеткізе аламыз.
Наразы жұрт үйдегі жалпы есептеуіш құралына толық тексеру жүргізілмейінше, жылу ақысын төлеуден бас тартып отыр. Олар бұған дейін осы жағдайға қатысты пәтер иелері кооперативіне де, жылу тарату орталығына да шағым түсіріпті. Алайда мардымды жауап болмаған. Ал бүгін жауаптылар жұрт шулағанда ғана түсініктеме берді.
Алла Канцева, «Атырау жылу электр орталығы» АҚ вице-президенті:
- Жалпы үйлік есептеуіш құралы ауа райына байланысты есептейді. Пайдаланған жылу барлық пәтерге бөлінеді. Бұл жерде адами фактор болуы мүмкін емес. Біз 20 градустан жоғары ұстаймыз. Күн салқындаған кезде пәтер салқындамасын деп жылуды көтереміз. Кешеден бері 10 шақты арыз түсті. Әр тұрғынның шағымын жеке қарап, есептеп бере аламыз.
Жауаптылар «адами фактор болуы мүмкін» деген пікірді жоққа шығарды. Бірақ туындаған мәселені жан-жақты тексеру жүргізуге уәде берді. Егер жалпы жылу есептегіш құралынан ақау анықталса, онда артық ақша қайтарылады деп сендіреді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!