{metadescription}
Жаңаөзенде үш шағын аудан тұрғындары жылусыз отыр
Жаңаөзенде үш шағын аудан тұрғындары жылусыз отыр

Жаңаөзенде үш шағын аудан тұрғындары жылусыз отыр

Қыстың көзі қырауда жаңаөзендіктер жылуға жарымай отыр. Мұнайшылар қаласындағы алты шағын ауданның тең жартысы жылусыз. Бүрсеңдеген тұрғындар талай рет пәтер иелері кооперативі, әкімдік пен прокуратураға барған. Бірақ еш нәтиже жоқ.

Кооператив қызметкерлері тұрғындар ақша жинап берсе, жертөледегі құбырды ауыстырып беретінін айтқан. Алайда кейбір үйлердің жылуына жөндеу жұмысы да әсер етпей отыр.

 

Үйдегі жылыту батареясы соңғы рет 2020 жылдың 31 желтоқсанында қосылған. Одан кейін жеке пәтер иелерінің кооперативі жылуды өшіріп тастады. Тұрғындар үйін жылыту үшін терезесін пакетпен қаптап, пеш қосуға мәжбүр.

 

Зейнеткер Алтынай Сисенова немересі екеуі пәтерде сырт киіммен жүреді. Мұздай суық үйдің бұрыш-бұрышы көгеріп кеткен. Жауын-шашын болса, шатырдан су кетіп әбігерге салады. Алтынай әжей мәселесін пәтер иелерінің кооперативіне  айтқан. Олар ақша жинап берсе, жертөледегі құбырды ауыстырып береміз депті.  

 

Алтынай Сисенова, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

 

- Жертөледе құбыр ауыстыратын болса, әр үйге 25 мыңнан. Біз ақша жинадық. Енді кезегіне тұрыңдар дейді. Жертөле суға толған. Үйдің қапталы сыздан көгеріп барады.   

Кей үйдің тұрғындары жылу жүйесін «өзіміз-ақ жасап аламыз» деп, пәтер иелері кооперативінен бас тартқан. Бірақ коопреатив жертөлені тұрғындардың пайдалануына бергісі жоқ. Бұл үйлерге пәтер иелерінің кооперативінен бөлек жылу жүйесіне жауапты арнайы сервистік компания да қызмет көрсетеді. Ай сайын ақша жинауды білетін екі мекеме «құбырларды толық ауыстыруға шамамыз келмейді» дейді.

 

Абдулла Әбдірахманов, Сервистік мекеменің директоры:

 

- Біздің мекеме үйдің жертөлесіндегі инженерлік желілерге жауап береді. Осыларда кішігірім ақау болса, соны жөндейміз. Шыны керек, тұрғындардан жиналған ақшаға мен жылу жүйесін жөндеп бере алмаймын. Тек апаттық жағдайда ғана 1 метр құбырды ауыстырып бере аламын. Өздері ақшасын жинап берген 10 үйдің құбырын жөндеп, ауыстырып бердім.              

Ал қаладағы 4-шағын аудандағы 50 үйде жылу бірде бар, бірде жоқ. Бүрсең қаққан тұрғындар әкімдік пен прокуратураға шағымданса ғана жылу екі-үш күнге қосылады екен.   

 

Жадыра Таубаева, Жаңаөзен қаласының тұрғыны:

 

- Жылуды сайлаудан екі күн бұрын берді. Сайлау бітті, 11-қаңтардан бастап мұздай. Үйіміздің қасынан жаңа жеті қабатты үй салды. Содан бері бізде осындай проблема басталды.

Атқамінерлер көпқабатты үйлерге жылудың жетпей жатқанына «тұрғындардың өздері кінәлі» дейді.

 

Берік Ізғалиев, Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары:

 

- Біздің қаламызда жылу өндірумен оны көппәтерлі үйлерге жеткізуде мәселе жоқ. Көптеген пәтерлерде жылу схемасы бұзылған. Мысалы, балконды бөлмесіне қосады, қайта жоспарлайды. Бұның барлығы жылу жүйесін бұзады. Өкінішке қарай, тұрғындардың қарызы бар. Бірінші сол қарызды төлеп, содан кейін сапалы қызмет талап етуді ұсынар едім.    

Әкім орынбасары жылуға жарымай отырған үйлерге жақында тексеру тобын жіберетінін айтты. Олар пәтерлердің іші неліктен салқын екенін анықтап көреді. Оған дейін тұрғындар тағы қанша уақыт бүрсеңдеп отыратыны белгісіз.  

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде