Алматы есірткі саудасының жолын кесуде тарихқа енді
Алматыда 1 тоннадан астам героин өртелді. Осылайша біздің мегаполис есірткі саудасының жолын кесуде әлем тарихына еніп отыр.
Автор: Мақсат Мәлік
13.01.2021
Қаржы мониторингі комитетінің мәліметінше, 1 тонна 100 келі героин өткен жылы қазан айында тәркіленген. 208 орама өңделген мәрмәр тастың ішіне жасырылған. Қылмыскерлер оны Нидерландыға тасымалдауға әрекеттеніп, Ираннан ЕуроОдақ елдеріне жеткізуге тырысқан.
Жойылған есірткінің жалпы көтерме бағасы 350 миллион АҚШ доллары. Тоннадан астам героин Кәрі құрлыққа жеткенде құны одан да шарықтайды. Арнайы операцияға Германия, Ресей, Беларусь, Литва, Польша және Нидерландтың құқық қорғау органдарының өкілдері қатысқан.
Жақсылық Мырзахан, Алматы қалалық экономикалық тергеу департаментінің ресми өкілі:
- Алматы қаласында Экономикалық тергеу департаменті мен Жетісу көлік прокуратурасы қызметкерлерінің үйлестіруімен Алматы қаласының аумағында аса ірі көлемдегі есірткіні жою іс-шарасын өткізген. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 286-бабымен тергеу жүргізіліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!