Қазақстан халық партиясының құрамы 10 депутатқа ұлғайтылды
Қазақстан халық партиясы да Мәжіліске баратын кандидаттарының тізімін бекітті. Партияның Мәжілістегі қазіргі фракциясында жеті-ақ депутаты болса, жаңа құрамда енді 10 депутатқа дейін ұлғаймақ.
Автор: Ербол Тұрымбет
13.01.2021
Төменгі палата креслосына жайғасатындардың ішінде партия басшысы Айқын Қоңыровтан бөлек, Жамбыл Ахметбеков пен Ирина Смирнова бар. Олар қазір де депутат. Бұларға қоса жуырда партиямен біріккен республикалық «Ұран.kz» қозғалысының өкілдері Файзолла Қаменов пен Айбек Паяев және Сергей Решетников бар.
Партияның өңірдегі өкілдерінің арасынан бұрынғы әріптесіміз Ғазиз Құлахметов пен Ерлан Смайылов, Александр Милютин және Айжан Сқақовалар да қосылған. Жалпы «коммунистік» деген сөзден арылғалы бері мың жарым адам партия сапынан шығам деп өтініш беріпті. Есесіне атауын өзгертудің арқасында жаңадан 12 мың адаммен толықтырылған. Қазір саяси ұйымның 115 мың мүшесі бар.
Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы:
- Ең маңызды лозунг – біздің халық, жер, әділдік. Ешқандай идеологиялық болмайды. Тек қана экономикалық, әлеуметтік жаңа партия құрамыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!