Сарапшылар: Қазақстанда парасыз ештеңе шешілмейді
Қазақстанда парасыз ештеңе шешілмейді. Жемқорлық мәселесін анықтау сауалнамасына қатысқан ел тұрғындары проблеманы тез шешу үшін осылай жасау ыңғайлы деген пікірде. Тоғыз мың адамның жауабын зерттеген сарапшылар пандемия кесірінен пара сомасы азайғанымен, елде ауызбастырық алатындар әлі де жетеді депті.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
13.01.2021
Жемқорлық әсіресе Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарында дендеп тұр. Ал жұрт арасында ең көп тараған пара беру орындары қандай? Бұқара кімге көп сенеді?
Қазақстандықтарды әуре-сарсаңға салған коронавирус пандемиясының бір ұтымды тұсы көрінді. Ол не? Жемқорлар алатын сомасының көлемін азайтыпты. Ең аз дегенде 1000 теңге алса, проблеманың салмағына қарай қалтаға басатын қаржы да 300 мың теңгеге дейін өседі. Дағдарыста осылайша «мейірімді» бола түскен парақорлардың көзін жоюмен күрес елде тоқтаған жоқ. Тоқтамайды да. Себебі, олар көп.
Transparency Kazakhstan қорының сауалнамасы 9 мың қазақстандықты қамтыған. Мамандар мемлекеттік органдардың сайтына жазылған мың жарымдай адамның шағымын талдапты. 2020 жылдың қорытындысы бойынша сауалнамаға қатысқандардың 11,3 пайызы жемқорлардың қақпанына түсіпті. Науқасты емдеу, жұмысқа орналасу мен балабақшадан орын алу сатылған.
Ольга Шиян, Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Сауалнамада жемқорлыққа жол беретін 72 жағдайды анықтадық. Респонденттердің көбі ауруханада емделу, жұмысқа орналасу, баласын балабақшаға орналастыру, жер мәселесі төңірегіндегі сұрақтар мен халыққа қызмет көрсету орындарынан анықтама алу үшін ақша берген. Сауалнамаға қатысушылар ведомство мен меморган қызметкерлерінен жемқорлық бастамасы бірінші туындағанын көрсетті.
Әрине, шенеуніктер мәселені шешемін деп тұрғанда проблемадан басы қатқандардың келіспеске амалы болмайтыны хақ. Бұған сауалнамаға қатысқан бұқараның «пара берген ыңғайлы», «жауыр болған мәселең тез шешіледі» деген жауабы дәлел.
Жалпы Жамбыл, Алматы, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Атырау мен Қызылорда аймақтарында тұрғындар сыбайлас жемқорлыққа жиі тап болады екен. Кейбір өңірлерде тіпті пара беру үйреншікті әдетке айналған.
Ольга Шиян, Transparency Kazakhstan қоғамдық қорының атқарушы директоры:
- Респонденттер мәселені шешіп немесе қандай да бір қызметтің тезірек орындалуы үшін бейресми жағдайда қосымша пара беруге дайын. «Қазақстанда жемқорлықсыз ешбір проблемаңды шеше алмайсың» деген пікір миға әбден сіңіп кеткен. Мұндай облыс қатарына Жамбыл облысы, Алматы мен Шымкент қалалары енгізілді.
Қазақстан азаматтарының мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылына көңілі толмайды. 37,4 пайыз адам өзі тұратын елдімекенде жемқорлық азайды десе, 15,4 пайызы «пара алушылар қаптады» деп жауап беріпті.
Мемлекеттік органдарға халықтың да, бизнестің де сенімі аса қатты емес. Мәселен, атқарушы билік өкілдеріне деген сенім деңгейі 50/50-дей. Алайда біздің азаматтар мен кәсіпкерлер резиденция иесіне, яғни Президентке өткен жылғыдан қарағанда 9 пайызға артық сене бастапты. Елдегі парақорлықты жоюға қараша халық іштей дайын екен.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!