Семейдің бес жылу қазандығы тұрғын үйлерді жылыта алмапты
Семейде көп қабатты баспаналарға жылу жетпей жатыр. Қаңтардың қақаған аязында пәтерлер қоңырсалқын тартып, тұрғындар бүрсеңдеп отыр. Ал шенеуніктер жұрттан арыз-шағымның көбейгенін мойындағанымен, оның нақты себебін білмей дал.
Автор: Ұлан Нұрахмет
15.01.2021
Тоңып дірілдеген тұрғындардың мәселесін шешу үшін шаһардағы бірінші жылу қазандығын жөңдеп, қуатын арттыруға 35 миллиард теңге жұмсалған. Бірақ бұдан ешкімнің тізесі жылыған жоқ. Өйткені қыс қаһарына мініп аяз қысқалы қаладағы бес жылу қазандығы да үйлерді жылыта алмапты. Сондықтан атқамінерлер қыстың көзі қырауда «Ғаббасов» қазандығына екі жылу алмастырғыш орнатуға шешім қабылдады. Ал қыруар қаржы жұмсалса да жылу жеткізе алмай отырған қазандықты жөндеген кезде ақау кетуі мүмкін дейді әкімдік өкілдері.
Бақытжан Баяхметов, ШҚО әкімінің орынбасары:
- Не себепті болып жатқанын, біз енді осы тексерістен кейін айтамыз. Былтыр жетіп тұрған дүние биыл неге жетпей қалды? Мына аяз қалай әсер етуде? Одан кейін жөндеу жұмыстарының сапасы қалай? Өйткені жылу беру станцияларының жұмысы және қауқары осындай температура төмендегенде белгілі болады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!