Шағанда 16 мың гектарды 6 құрылтайшы заңсыз иемденіп алған – Қызылорда облысы
Жерден шыққан жанжал. Қызылорда облысы Шаған ауылының тұрғындары өзіне тиесілі телімдерін қайтаруды талап етуде. Өйткені халыққа тиесілі дүние-мүлік пен 16 мың гектар жер телімін 6 құрылтайшы заңсыз иемденіп, 13 жылдан бері өздері ғана пайдасын көріп келген көрінеді.
Автор: Руслан Әбдіхалық
15.01.2021
«Бұл бассыздыққа енді төзбейміз» деген бұқара шу шығарды. Алайда құрылтайшылар жерді де, мүлікті де қайтаруға құлықсыз. Шағандықтар құрылтайшыларды суқаны сүймейтінін аңғартты. Наразы топ алты адамды жағадан ала жаздады. Жұрттың сөзінше, олар құрамында бүкіл ауыл халқы бар қожалыққа тиесілі дүние-мүлік, жайлым мен егістіктің 90 пайызын заңсыз меншіктеп алған. Оны өздері жуырда ғана фирмаға жаңа директор тағайындау кезінде анықтапты.
Жүсіпбек Райымбеков, Шаған ауылының тұрғыны:
- Ол мүлік – халықтікі. Алты адамның қосқан еш үлесі жоқ. Менің білуімше, құрылтайшы капитал жұмсалымы дейді ғой, ақшалай болмаса мүліктей үлес қосу керек. Ал ол кісілердің еш үлес қосқаны жайында ешқандай құжат жоқ. Сөйтіп отырып мүлікті біздікі деп айтуы – ақылға сыймайтын нәрсе.
Нәсібін жерден терген шағандықтарда 10 мың гектер егістік пен 6 мың гектарға жуық жайылым бар. Ал құжатта соның небәрі 10 пайызы ғана жұрттікі деп көрсетіліпті. Қалған 90 пайыз жерді алты адам пайдаланып, табысын өзара теңдей бөліп келген. Осылайша құрылтайшылар 13 жыл бойы көпке ортақ жердің пайын да бермей қарашаны сорлатыпты.
Қабылбек Бөжеков, Шаған ауылының тұрғыны:
- Біз 13 жылдан бері дивиденд көргеніміз жоқ. Біздің шаруашылық, 3,5 мың гектар жер егеміз, күріш, бидайымыз, жоңышқамыз бар. Біз бай елміз, бірақ зиянмен шығады.
Ал құрылтайышлар қожалық меншігін қайтаруға құлықсыз. Айтуларынша олар фирманың бұрынғы басшысынан бәрін сатып алған екен. Тіпті серіктестікті құлдыраудан құтқарып, «аяғынан тік тұрғыздық» деп салды. Қазір компанияның жағдайы мәз емес дейді. Сондықтан дәл қазір бар дүниені қайтара салу, қожалыққа қиянат жасаумен тең деп түсіндіреді.
Бақытбек Жаңабергенов, құрылтайшы:
- Қазірдің өзінде совхоз 700-800 млн қарыз. Келесі жылы қарыз 1,5 млрд-қа барады. Банкроттыққа кетуі мүмкін. Оған жібермеуіміз керек. Ақшам бар, директор боламын деген адамға біз бергіміз келіп тұр. Соны сайлағымыз кеп тұр. Болмаса бөліну керек, әйтпесе болмайды.
Тұрғындар құрылтайшыларды сотқа берген. Ауыл халқы алғашқы сот отырысында жеңіп те шыққан. Алайда қарсы тарап апелляциялық шағым түсіріпті. Енді бұқара судья істі солардың пайдасына шеше ме деп қорқады. Соның алдын алу үшін көпшілік бүгін аттандап шықты. Ал аудан атқамінерлері серіктестіктің «ішкі шаруасына араласпаймыз» деп ат-тонын ала қашты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!