Алаш сатушылары басшыларына қарсы шықты – Шымкент
Шымкенттегі ең ірі Алаш базарының сатушылары басшыларына қарсы шықты. Саудагерлердің айтуынша, базар қожайындары әр орынға 7 миллион теңге төлейсіңдер деп талап қойған. «Бұл ақшаны бірден бере алмасаңдар, ай сайын миллион теңгеден төлеңдер» деген шарт қойыпты.
Автор: Бек Әбиев
15.01.2021
Гүлнар Әзімбаева, саудагер:
- Менің 6 бала-шағам бар. Осы базардан қазіргі карантинде ешкім сауда жасамайды. Шапан сатамын, қазір той жоқ дедім. Шапанды кім алады? «Бір миллионды қайдан шығарып берем?» - дедім. «Болмаса босат, сенің бутигіңді алатын адам бар. Ертең жылап қалма, үстіңнен сатып жіберем» - деді.
Айтуларынша жаңа басшылық келгелі жыл сайын жасалатын келісімшартқа да биыл қол қоймаған. Базар жекеменшік болған соң, бізге сот жоқ дегендер ақша жинаудан басқаны білмейді дейді. Саудагерлер әр орынға онсыз да жалға алу ақысы мен салығын төлеп отыр. Тіпті өз күшімен базар ішіне асфальт төсеп, «шатырына дейін өзіміз жаптық» дейді жиналғандар.
Базар басшылығы ақша сұрағанын мойындап отыр. Бірақ саудагерлер айтқандай 7 миллион емес, әр орынға миллион теңгеден төлеуді талап етіпті. Себебі, кезінде сауда орындарын тегін алған кәсіпкерлер кейін оны өзгелерге қымбатқа сатып пайда тапқан. «Осындай бассыздық болмас үшін саудагерлерден кепіл ақша алып отырмыз» - дейді.
Берікжан Нұртілепов, Алаш базарының директоры:
- Депозит қойып қоямыз. Егер олар базардан кетем десе, басқа бизнеске кетем немесе басқа елге кетем, базарды тастаймын десе, сол ақшасын қайтарып береміз. Тәртіп және бір-біріне сатып жібермес үшін.
- Ол ақшаны алғандарыңыз туралы қолхат бересіздер ме?
- Чек береміз, келісімшарт береміз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!