Сайлауда азаматтардың таңдау жасауын қалай арттыру керек?
Саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға дейін төмендету керек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев саяси додада шаң қауып қалған партияларды осылай қолдауды ұсынып отыр. Бүгін Парламенттің VII шақырылымының бірінші сессиясына қатысқан мемлекет басшысы тағы бірқатар мәселені көтерді.
Автор: Ербол Тұрымбет
15.01.2021
Оның айтуынша, сайлауда азаматтарымыздың таңдау жасау мүмкіндігін әлі де арттыру керек. Тоқаевтың айтуынша, биылғы сайлау науқаны карантин шектеулеріне қарамастан қызу өтті. Кейбір партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға өтуіне сәл ғана дауыс жетпей қалғаны болмаса, саяси тартыс деңгейі төмен болған жоқ.
Тек межелі дауыс жинай алмаған саяси ұйымдардың құрамында парламенттік пікірталаста салмақты ой тастай алатын талай тұлғалар қалып қойды, сол ішті ашытады. Президенттің сөзімен айтсақ, заң шығарушы органның сапасын арттыра түсер еді. Сондықтан саяси партиялардың Мәжіліске өту шегін 7-ден 5 пайызға төмендетуіміз керек дейді Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Өйткені аталған норма заң жүзінде тіркелген партияларды алдағы сайлауларға қатысуға ынталандырады. Сондай-ақ елдегі саяси бәсекенің дамуына септігін тигізеді. Бұл бастама мемлекеттік саясатты жүргізу үшін халықтың пікірін неғұрлым көбірек қамтып, ескеріп отыруға мүмкіндік береді.
Тоқаев көтерген тағы бір мәселе – адам құқықтары. Сайлау кезінде таңдау еркіндігін беріп, егер ешбір кандидатты қолдамаса, бюллетеньге бәріне қарсы дауыс беру үлгісін енгізу. Әлемдік жиі қолданылатын тәжірибе енді біздің сайлауда да көрініс таппақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Шын мәнінде баламалы пікір және бәріне қарсы дауыс беру ұғымы бізге де қалыпты нәрсе болуға тиіс. Сондықтан барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген жазу енгізген жөн. Бұл бастама азаматтардың сайлау құқығын қорғауға жағдай жасайды. Таңдауы жоқтығын ресми көрсетудің өзі таңдау емес пе?
Биыл жекелеген ауылдарда әкім сайлауы өтеді. Онан соң өңір тұрғындары аудан әкімдерін сайлауға кіріседі. Жергілікті өзін-өзі басқару үлгісі осылай басталмақ.
Жаңа Парламент алдында Тоқаев омбудсмен туралы арнайы заң қабылдауды да ұсынып отыр. Себебі, бізде омбудсмен институты болғанымен, оның мүмкіндігі толық ашылмаған. Бұл балалар қауіпсіздігі немесе балаларға зорлық-зомбылық көрсету, өз-өзіне қол салу сынды қоғамдағы өзекті мәселелерге мемлекеттік бақылауды күшейтеді дейді президент.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!