Халық қалаулылары не себепті Асқар Маминге қарсы шықты?
Қазақстан Үкіметінің басшысы тағайындалды. Асқар Мәмин екі жылдан бері үйреніп қалған орнында сол күйі қалды. Дегенмен шенеуніктің өз қызметіне қайта оралуы бұл жолы оңай бола қойған жоқ. Мәжілістегі кейбір депутаттар премьер-министр кандидатурасына тулап қарсы шықты. Ал Төменгі палатада бұрын-соңды мұндай жағдай болмаған-ды. Не себепті халық қалаулылары Асқар Мәминге қарсы шықты?
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
15.01.2021
Үкімет басшысы ретінде шенеунік қандай істерімен есте қалды?
Саяси сахнада салмақты шенеуніктің бірі саналатын Асқар Мәминді бүгін депутаттар бір сілкіп алды. Екі жылдан бері тапжылмай үкімет басында отырған ақжағалының атқарушы билікке қайта келуіне 99 депутаттың 21-і қарсы шықты. «Ақ жол» мен Қазақстан халық партиясы мәжілісте бұрын-соңды болмаған дау туғызды.
Айқын Қоңыров, Қазақстан халық партиясының төрағасы:
- Президент мырза, бүгін Қазақстанның халық партиясының фракциясы, өкінішке қарай, сіздің премьер-министр Асқар Ұзақбайұлы Мәминді, оның министрлер кабинетінің мүшелерін қызметінде сақтау туралы ұсынысыңызды қолдай алмайды және дауыс беру кезінде қалыс қалады.
Қалыс қалғандардың ісі Тоқаевты еш тоқтатпады. Президент өзінің ұсынысын қолдамағандарға ренжімеді де.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
- Қалыс қалу ол Қазақстан халық партиясының өкілі айтқандай «президенттің ұсынысын қолдамау» дегенді білдірмейді. Қалыс қалу – мемлекет басшысының ұсынысына қайшы келмейтін ұстаным. Қалыс қалу – ол премьер-министрдің кандидатурасына қарсы дауыс беру емес, бұл қалыс қалғанды ғана білдіреді.
Ел тарихында 11-ші премьер-министр болған Асқар Ұзақбайұлын бүгін расымен періштесі қақты. Шенеунік таңда қызметінен кетті, кешке нұротандық көп депутаттың партияластарын қолдауы арқасында жылы орнына қайта жайғасты. Сенім білдіргендерге, әдеттегідей, алғысын жаудырды.
Асқар Мәмин, ҚР премьер-министрі:
- Маған артқан сенімдеріңізге алғыс айтқым келеді. Бұл мен үшін үлкен мәртебе және үлкен жауапкершілік. Біздің алдымызда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша маңызды міндеттер мен мақсаттар тұр.
Ал жаңа премьер орынтағына отырғанға дейін Үкімет үйінің айналасы абыр-сабыр. Әдеттегідей маңына қарапайым адамдар жолай алмады. Қазақстанның саяси элитасы әдемі көліктерімен мәжіліске аялдады.
Ел тарихында 11-ші премьер-министр болған Асқар Мәмин бүгінгі күнге шейін қоластындағы министрлерді қазақша сөйлеттіріп, таңмен таласып жұмыс істеуге үйретті. Сол себептен болар, көп шенеуніктің ұйқысы қанбай, ісіне салғырт қарап жүргені. Оған мысал ретінде коронавирустан жазда қиналған жұрттың жанайқайын келтіруге болады. Дәрінің жоқтығы, ауруханадағы әуре-сарсаң, 42500 теңгенің жыры үкіметке сын болғанымен, олар бүгінгі күнге шейін әлі орнында. Саясаттанушылар жаңа үкіметпен де ештеңе өзгермейді деп отыр.
Досым Сәтбаев, саясаттанушы:
- Біз бұл Үкіметтің қабілетсіздігін көрдік. Тіпті коронавирус жазда күш алғанда атқарушы билік бір сәтке жоғалып кетті. Біздің Үкімет түрлі экономикалық бағдарламаларды қабылдайды. Реформалар жасайды. Бірақ оны жүзеге асыратын сол өзгермейтін бюрократиялық аппарат. Он жерден Үкімет қайта жасақталсын, басшысы ауыссын, бәрібір сол күйі, еш өзгеріссіз қалады.
Арыстағы жарылыс, Қордайдағы жаппай тәртіпсіздіктер Мәмин басқарған үкіметті әлекке түсіргені белгілі. Жамбылдағы жағдайды реттеу міндетін Ұзақбайұлы орынбасары Сапарбаевқа сеніп тапсырды. Дегенмен Бердібек Сапарбаев секілді үкімет жетекшісінің сенімін ақтағандар көп емес. Денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлері Елжан Біртанов пен Олжас Әбішевтің ұсталғаны бұл министрлер кабинетіне қара күйе болып жағылды. Қашықтан білім алу да көптің сынына ұшырады. Ал цифрландырудың жүзеге асқаны шамалы. Бұл министрлікті тергеп-тексереміз дегені жел сөзге айналды. Цифрландыруға жауапты Асқар Жұмағалиев қазір шетелде елші.
Жаңа жасақталатын үкіметке билік сеніп отыр. Қауіпті індеттің бірінші толқынында толықтай бар мүмкіндікті уысынан шығарып алған министрлер кабинетіне артылған жүк әлі жеңілдемеді. Коронавирус дағдарысымен күрес, әлеуметтің әлеуетін арттыру міндеті тұр. Алайда атқарушы билікке қанша уақыт берілетіні белгісіз. Олардың Мәжіліс депутаттары секілді белгілі бір мерзімі жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!