Қарабатанда шетелдік компания жұмысшыларға көк тиын төлемей қуып жіберген – Атырау
Атыраудағы Қарабатан кентінде газ-химия зауытын салып жатқан жұмысшылар шу шығарды. Оларды италиялық компания әбден қара жұмысқа салып, соңында көк тиын бермей қуып жіберіпті. Соның салдарынан 90-ға тарта азамат екі айдың жалақысын алмаған.
Автор: Руслан Әбдіхалық
18.01.2021
Жалпы қарыз 20 миллион теңге көлемінде. Бұл қаражат жұмысшылардың қолына қашан тиері бегісіз. Мердігер мардымды жауап бере алмады. Ал еңбек инспекциясы жалақы дауына енді араласып жатыр.
Қарабатанға зауыт саламыз деп барған 90-ға жуық жұмысшы қара нанға ақша таппай қайта оралған. Жұрттың сөзінше, италиялық фирма еңбек еткендермен есеп айырысуды ұмытыпты. Қараша мен желтоқсан айының жалақасын даулаған бұқара бүгін серіктестіктің өңірдегі кеңсесінің алдына жиналды.
Жанар Айқынқұлова, жұмысшы:
-Жолдасым да осы компанияда жұмыс істейді. Екеуіміз де осы ақшаға қарап отырмыз. Шыны керек, нанға ақша болмай жатыр. Бәрі сондай жағдайда. Светаның 40 өтірігіне тойып болдық.
Шулаған топ «ақша беріле ме» деген үмітпен жүр. Бүгін-ертең, еңбекақы үлестірілмесе, онда жұрттың жағдайы тіптен қиындайды. Себебі көбі пәтер ақысы мен несиесін де жаба алмай қиналуда. Ал мердігердің жұмысшылар алдындағы берешегі 20 миллион. Бірақ соның әзірге бір тиыны да бұйырмай тұр.
Әділет Жолдығұлов, жұмысшы:
-Кеңсеге күнде келеміз. Күнде таңда, кеште келе береміз осылай. Айтатын сылтауы: «Бізде ақша жоқ, әлі түспей жатыр, Италиядан ақша лақтырып жатыр, банкке түспей жатыр, жаңартып жатырмыз». Күнде айтатын осы.
Шағымданушылар жалақыдан бөлек, зейнетақы қорына да көк тиын түспеген дейді. Ал өздері тапсырылған жұмыстың тоқсан пайызын орындап берген. Ал есептесу кезінде ешкімнің бас-көзіне қарамай қуып шыққан.
Әлимұрат Салихов, жұмысшы:
-Ескертпей шығарады, болды. Өздері біледі, «сен боссың» дейді, болды. Сен жүре бересің.
Зауыт салып жатқан компанияның бас кеңсесі Италияда орналасқан. Ал Атырауда өкілдері бар. Мұндағы жауаптылар «құрылтайшы ақша бөлмей жатыр» деп ақталды.
Светлана Мұратова, «Gruppo RF KAZAKHSTAN» компаниясы менеджерінің орынбасары:
-Итальядағы фирма құрылтайшысы жағдаймен жақсы таныс. Ол кісі уәдесінде тұрмады. Бізге осы айдың онында ақша аударамыз деген. Біз жұмысшылардан күте тұруын өтіндік. Медиациялық келісім жасадық. Алайда компания аудит деп, тағы кейін шегеріп отыр.
Мердігердің мәселесін енді еңбек инспекциясы майшаммен қарағалы жатыр. Бұған дейін кәсіпкерлерді тексеруге мораторий кедергі деп келген мекеме, дау өршігенде ғана білек сыбана іске кірісті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!