Соңғы тәулікте 10 адам коронавирустан көз жұмды
Коронавирус тағы 10 адамның өмірін жалмады. Бұл тек соңғы тәуліктегі статистика. Оның 8-і COVID-19-дан көз жұмса, екеуі коронавирус пневмониясынан қайтыс болды. Осылайша ауру мен ажал құшқандардың көбеюіне байланысты еліміздің кейбір өңірлерінде талап күшейіп жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
18.01.2021
Павлодар облысында демалыс күндеріне локдаун енгізілді.
Ғизат Әбешев, Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі:
-Қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істеу уақыты сағат 8-ге дейін және жеткізіп беру сағат 10-ға дейін ғана болады. Тағы да айта кетейік, демалыс күндері локдаун енгізіледі. Монша, сауна, сауда ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері істемейді, қоғамдық көлік демалыс күндері жүрмейді.
Бүгін Қарағанды облысы «сары аймаққа» енгізілді. Ақ халаттылар бұл өңірде соңғы күндері дерттің дендеп бара жатқанын айтады. Бұдан бөлек «сары жолақта» – Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары бар. «Қызыл аймаққа» кірген қалалар қатары да күрт өсті. Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар облыстары індет таралудан ең жоғарғы деңгейде. Елімізде бір күнде тағы мыңнан аса адам коронавирус жұқтырып, 17 адамның өкпесі қабынған. Сөйтіп ковидпен тіркелгендердің жалпы саны 169 мыңнан асып, коронавирус пневмониясын 47 мыңға жуық адам жұқтырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!