Елорда іргесінде саяжай тұрғындары еш жерде тіркеуде жоқ
Ауада өмір сүріп жатқан ауыл. Елорда іргесіндегі саяжай тұрғындары еш жерде тіркеуде жоқ. Жүздеген адам бұрын Алматы ауданында болыпты. 2018 жылы қалада төртінші Байқоңыр ауданы пайда болған кезде аумақтық бөлініс бойынша олар автоматты түрде сол ауданға ауысуы тиіс болған.
Автор: Ербол Тұрымбет
19.01.2021
Бірақ Алматы ауданынан шығарылғанымен, жаңа ауданға тіркелмей қалған. Енді не қаланың, не облыстың базасында жоқ. Жоқ адамға жедел жәрдем де бармайтын болған. «Ауада қалықтап жүрген» тұрғындарды астаналық тілшіміз көріп келді.
Жасы алпысқа қараған Қалдыбай Мекебаев – бірінші топтағы мүгедек. Бірер жыл бұрын қан қысымынан құлап, 46 күн комада жатып, кейін екі-үш рет ота жасатқан. Бұл үйдегі жандардың өзегін өртейтін бір өкініш бар. Сол кезде жедел жәрдем ат шаптырым жерден тоспай, өздері осында келгенде бұлай болмас па еді деп әлі қапаланады. Қазіргі күйімен де мүгелдектігін дәлелдеп отыру қиынның қиыны. Тіркеудің жоқтығынан енді жұбайы екеуі қалаға барып, пәтер жалдап, әуре сарсаңға түседі.
Нұрғаным Ізтілеуова:
-Амалымыз жоқ, сол жаққа пәтер жалдап барамыз. Екінші ауруханаға тіркелдік. Алдында ғана «Шипагерде» едік, «Шипагер» біз сіздерге қарамаймыз, ол пәтерде тұрмайсыздар, ата ол жерде жоқ деп ауруханада қарамайды. Жылда ДЕСК-ден өтеміз, алты ай сайын медқараудан өтеміз. Не порталға кіргізілмей қалдық.
Тіркеудің жоқтығы жалғыз Қалдыбай емес, осындағы дүйім елдің басын қатырып отыр. Қолдарында 2018 жылы Алматы ауданында тіркеуде тұрды деген мекенжай анықтамасы бар. Бірақ биыл ауаға сіңгендей ешбір базада жоқ. Соның кесірінен мемлекеттен тиесілі жеңілдіктерге де қолы жетпей отыр.
Әмина Нұрмағамбетова:
-Екі аяғыма ота жасадым, квотаға тұру үшін менің тұрғылықты мекенжайым да жоқ. Пәлен ақша беріп квотаға тұрдым. Бір айға жетпей, енді дәрі-дәрмегімді алайын десем, мені мекенжайдан шығарып жіберген, ақшамды алып алған.
Тіркеудің жоқтығынан мектептер де оқушыларды арнайы көлікпен тасымалдаудан бас тартқан. Амалсыздан жұрт әр балаға ай сайын 10 мыңнан төлеп, жеке такси жалдайды. Тіпті бұндағыларға үй кезегіне тұру да бұйырмаған.
Шынар Айтқұлова:
-Бес жыл қалада бір жерде тіркеуде тұрғанбыз, оны шығарып жіберіпті. Жақында төртінші балама босанып, енді үйге кезекке тұруға көпбалалы ретінде болады ғой. Соған барғам, тіркеуде жоқ. Енді проблема. Бүкіл бала-шағамызбен бір жерде бес жыл тұрғанбыз. Енді үйге кезекке тұру үшін бір жерде бес жыл тұру керек. Адам үйі болмаса, бес жыл қайда тұрады?
Саяжайда санақ бойынша 4 мыңнан астам адам бар. Соның 400-ден астамы тұрақты мекен етеді. Саяжай тұрғындары ғана емес, саяжайдың өзінің де аты бар да, заты жоқ. Көшелерге де жұрт өзінше ат қойып алған. Бірақ арнайы тақта болмағандықтан, электр бағандарына жазып қояды. Ең тиімдісі де осы. Мысалы біз тұрған жер Фиалковая көшесі.
Байқоңыр ауданы әкімдігіндегілер кезінде бұл кісілерде тіркеу болғанын айтады. Бірақ аудан пайда болған шақта қалалық мәслихат бақша бірлестіктері тұрғындарын қалаға тіркеле алмайтындай қылып шешім шығарған. Содан автоматты түрде тіркеуден шығып қалған. Көші-қон полициясы да оларды аумақтық бөлініспен Байқоңыр ауданына тіркей алмайтынын айтады. Себебі саяжай тұрғындардың қолында жер телімінің техникалық паспорты ғана бар. Ондай құжатпен тіркеуге қоюға болмайды.
Сабыржан Сейітжанов, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары:
-Біріншіден, жер учаскесінің құжатын баспанаға арнап ауыстыру керек. Егер осыған ауыстыратын болса, жылжымайтын мүлік нысаны дейді, сол кезде біздің қызметкерлер берілген тәртіппен тіркеуге қоя алады.
Тұрғындардың қазіргі жағдайы өздеріне де түсініксіз. Өмірде бар болғанымен, ешқандай базада жоқ. Енді оларға тіркеуде болмағаны үшін айыппұл арқалау қаупі де төніп тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!