Коронавирус қазақты «періштесінен» айырды
Қазақ «Тақиялы періштесінен» айырылды. Тайлақ бейнесімен танылған актер Әлімғазы Райымбеков бүгін мәңгілік сапарға аттанды. Марқұмның ажалына күллі әлемді әбігерге салған коронавирус себеп болған. Өкпесі қабынған көрерменнің сүйікті актері сырқатымен бір ай арпалысқан.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
19.01.2021
Әлімғазы Райымбеков өмірінің соңына дейін басынан тақиясын тастамады. Бұған аты аңызға айналған «Тақиялы періште» фильмінде сомдаған рөлі себеп шығар. Өйткені үйленуге асықпаған Тайлақ бейнесі актердің кино әлеміндегі жұлдызын жақты. Дәл осы рөлі арқылы Әлімғазы Райымбеков қалың көрерменді баурап алды. Өйткені кәсіби актер болмаса да, «Тақиялы періште» бейнесін жетесіне жеткізіп ойнаған.
-Сәлеметсіздер ме? Кешіріңіздер. Қазір келем.
Әлімғазы бүгін, 85 жасқа қараған шағында бақилық болды. Ол «Тақиялы періштеден» өзге, «Қилы кезең», «Қан мен тер», «Ән қанатында» сынды жалпы саны 12 фильмге түсті. Сол туындыларға актермен бірге түсіп, жақын дос болып кеткен әріптестері қаралы хабарды естіп есеңгіреп қалды.
Асанәлі Әшімов, ҚР Халық артисі:
-Қазақтың нағыз дархан даласы сияқты кең кеуде азамат еді. Талдықорған жаққа барсақ та, өзі Алматыға келсе де, сол аңқылдап қарсы алып, құшақтап сүйіп, ақкөңіл жігіт еді. Жақында ғана кездесіп едік.
Кинода сүйген қызына үйленген Тайлақтың өмірде де жолы болды. Дара талант иесінің артында 10 баласы, 22 немересі мен 20 шөбересі қалды. Ал оның келместің кемесіне мінуіне алты құрлыққа ауыз салған коронавирус себеп болыпты.
Ілияс Ысқақов, марқұмның жиен немересі:
-Атамыздың ауырғанына бір айдай, 22 ме, 23 күндей болды. Ауыр жағдаймен ауруханаға түсті, пневмониямен.
Көзі тірісінде еңбегі еленіп актер Қазақстанның мәдениет қайраткері атағын алған. Әрі Алматы облысының құрметті азаматы. Ол өмірінің соңына дейін қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Жас буынға бағыт сілтеді.
Орны толмас қазаға қайғырған Президент бүгін марқұмның жақындарына көңіл айтып жеделхат жолдады. Әлі күнге дейін көрермен сүйіп көретін «Тақиялы періштенің» басты кейіпкерін ақтық сапарға шығарып салу рәсімі ертең Алматы облысының Мәмбет ауылында болады.
Әлімғазы Райымбековтің жарқын бейнесі мәңгі ел есінде. Қазақ өнері барда ол ешқашан ұмытылмайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!