БҚО мен Қарағандыда шектеу шарасы күшейтілді
Батыс Қазақстан облысы да «қызыл аймаққа» кіруге шақ тұр. Өйткені бес ауданда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар көрсеткіші күн санап өсіп келеді. Арқаны кеңге салған Қарағандының жағдайы да осы шамалас. Үш күннен бері «жасылдан» «сары аймаққа» өткен кеншілер қаласында едәуір өсім байқалады.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
20.01.2021
Сондықтан аталмыш өңірлерде шектеу шарасы күшейтіліп жатыр. Онымен қаса бүгіннен бастап Ұлттық банк те «сары» және «қызыл аймаққа» кірген облыстардағы банк, ломбард пен валюта айырбастау пунктерінің жұмысына өзгеріс енгізді.
Қарағанды облысында кесел жұқтырғандардың қатары өсіп келе жатыр. Бірінші орында – Теміртау, артынша Қарағанды қаласы, Абай мен Осакаровка аудандары. Енді облыс орталығынан көршілес қалалар мен аудандарға қоғамдық көлік жексенбі күні қатынамайды. Сауда орындары мен қызмет көрсететін нысандар да дамалыс күндері жабылады. Қызметкерлер саны 15 адамнан асатын мекемелерде ұжымның 60 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге жіберілді.
Юрий Залыгин, Қарағанды облыстық санитарлық-эпидемилогиялық бақылау департаментінің басшысы:
-Қаңтар айының басынан бері коронавирус инфекциясының өсімі өткен аймен салыстырғанда 44 пайызға өсті. Оған тұрғындардың санитарлық талапты сақтамауы себеп. Әсіресе жаңажылдық мереке күндері себеп болды.
Батыс Қазақстан облысы да «сары аймақта». Мұндағы Шыңғыралау, Тасқала, Ақжайық, Байтерек және Жәнібек аудандары кеселдің өсімі бойынша «қызыл аймақтың» табалдырығына таяған. «Өйткені ауылдағы жұрт сақтық шарасын мүлдем естен шығарған» - дейді облыс әкімі. Санитарлық талапты қадағалайтын мамандардың босбелбеулігінен той-томалақ көбейіп кеткен.
Ғали Ысқалиев БҚО әкімі:
-Коттедждерде той-томалақ өтеді. Жасырып той жасап жүргендерді бәрі біледі. Бірақ одан аудан әкімдігі хабарсыз. Бұл не сонда? «Қызыл аймаққа» кіруге шақ тұрмыз. Санитарлық талап сақтауды талап ету керек. Талап сақтауда тұрғындардың көмегі қажет. Әркім өз қауіпсіздігін ойламаса, карантин шарасы күшейтіле береді.
Індет өршіген аймақтарда бүгіннен бастап банк пен қаржылық ұйымдардың жұмыс кестесі өзгереді. Басым бөлігі онлайн режимге көшуі тиіс. «Қызыл аймақтағылары» – 60, «сары» мен «жасыл аймақтағы» қаржы ұйымдары қызметкерлерінің 40 пайызын үйінен жұмыс істеуге жіберуі шарт. Ал ақша айырбастау бөлімшелері мен ломбард жұмысын онлайнға ауыстыру туралы бұйрықты осы сала мамандары түсіне алар емес.
Аршын Ғалымбаев Қазақстан ақша айырбастау бөлімшелері қауымдастығының төрағасы:
-Мәселен, ломбардттағы қызметкер тұрғынның әкелген дүниесін бағалауы керек. Содан кейін тиісті қаражатын береді. Мүлікті онлайн қарап баға беру миға қонымсыз ғой. Ақша айырбастау пунтктері де осындай. Банкте карта мен есеп-шот арқылы ақшаны онлайн айырбастауға болады. Ал жеке пункттерде ол мүмкін емес.
Мамандардың айтуынша, Ұлттық банктің қаулысы осы саладағы кәсіпкерлердің ісін тұралатады. Сондықтан мәселені әлі де пысықтай түсу қажет. Алайда санитар дәрігерлер өйтпеске амал қалмай тұр дейді. Көп адамның бір жерде шоғырлануын мүмкіндігінше болдырмау керек. Өйткені кеселдің таралу көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!