Джо Байден алғаш жұмыс күнінде қандай өзгерістер жасады?
Жаңа президент – жаңаша көзқарас. АҚШ-тың 46-шы президенті болып сайланған Джо Байден ұлықтау рәсімінен кейін қызметіне кірісіп кетті. Ақ үй қожайыны көп күттірмей бірден Дональд Трамптың бұған дейінгі бірқатар жарлықтарының күшін жойып, бірқатар құжатқа қол қойды.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.01.2021
Алпауыт мемлекеттің басшысы алғашқы жұмыс күнінде қандай өзгерістер жасады? АҚШ-тың су жаңа президенті Джо Байден алғашқы жұмыс күнінде-ақ бұрынғы президент Дональд Трампттың бірқатар жарлықтарының күшін жойып, 15 құжатқа қол қойды. Мәселен, Ақ үй қожайыны коронавирус кеулеп тұрған шақта Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының құрамынан шықпаймыз деп мәлімдеді. Сондай-ақ ол коронавирусқа қарсы күресті күшейтіп, халықты бетперде тағуға міндеттейтін қаулы шығарды.
Джо Байден, АҚШ президенті:
-Мен саяси науқанда берген уәделерімді орындау үшін барымды саламын. Ең алдымен ауруды ауыздықтау жұмысына ден қойдым. Америкалықтардан сақтық ережелеріне бейжай қарамай, бетперде тағып жүруін сұраймын. Әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын талап етемін. Тиісті қаулы елдің барлық өңірінде орындалуы тиіс.
78 жастағы Байден Трамп шығып кеткен климат жөніндегі Париж келісіміне қайта қосылып, ұйымның жұмысына атсалысатынын да ашық айтты. Әлемнің 195 мемлекеті қолдаған келісімшарт ауаға зиян қалдықтардың деңгейін шектеуге міндеттейді.
Джо Байден, АҚШ президенті:
-Біз Париж келісімінен шықпаймыз. Осы ұйымның жұмысына АҚШ үлесін қоса береді. Мен қоршаған орта мен климаттың өзгеруіне ықпалымызды тигізетінін айқындайтын құжатқа қол қоямын.
Мұнымен тоқтамаған мемлекет басшысы бұрынғы президенттің атышулы АҚШ-Мексика шекарасындағы қабырға құрылысын қаржыландыруға қатысты бастамасын да тоқтатты. Сонымен қатар ол кей мұсылман елдеріне қарсы визалық шектеулерді алып тастады.
АҚШ-тың 46-шы президенті Джо Байденнің ұлықтау рәсімі бұрыңғыдан өзгерек болды. Салтанатты шарада адам саны шектеулі. Қонақтардың тізімінде АҚШ-тың бұрынғы басшылары Барак Обама, Джордж Буш пен Билл Клинтон бар. Оған қоса, Капитолийдегі жаппай тәртіпсіздіктен кейін қауіпсіздік те барынша күшейтілген. Ант қабылдаған соң жаңа президент халықты бірлікке шақырып, Америкада нағыз демократия орнайды деп өз ұстанымын шегелеп айтты. Жаңа президенттің жаңа бастамалары қалай жүзеге асырылатынын енді уақыт көрсетеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!