{metadescription}
Қонақ үйлер мен хостельдер шығынға батып жатыр
Қонақ үйлер мен хостельдер шығынға батып жатыр

Қонақ үйлер мен хостельдер шығынға батып жатыр

Пандемияның кесірінен еліміздегі қонақ үйлер мен хостельдер де шығынға батып жатыр. Коронавирус індетіне байланысты шектеулер кезінде ірі және шағын отельдер мен демалыс орындарына келушілер саны екі есеге азайған.

Мұндай нысандардың иелері қызмет көрсету бағасын арзандатса да, тығырықтан шыға алмай отырғанын айтып ашулы. Олар мемлекеттен қолдау сұрайды.

Әдетте адам саны үзілмейтін хостелде қазір қонақтардың келуі сап тыйылған. Бұл орынды жалға алып отырған Гүлназ Бекарыстанова кәсібіме тықыр таянды деп сары уайымға салынуда. Өйткені қарызға белшеден батып, тіпті жабылудың аз алдында тұр екен.

Гүлназ Бекарыстанова, хостел директоры:

-Қазір қол астымда екі-ақ адам қалды – күзетші мен еден жуушы. Маған көмекші. Басқа бар жұмысты, әкімші, бухгалтерияның бәрін өзім істейтін жағдайға жеттім. Жабылу туралы ой келді. Әрине, ондай ой төртінші рет келіп отыр. Мемлекеттен күтетініміз, көмекке субсидия берсе. Пайызсыз немесе кішкентай пайызыменен.

Еліміздің ең мықты саналатын қонақ үйлерінде де кесел кеулегелі бері жағдай ушыққан. Карантиннің кесірі отельді де алқымнан алып отыр. Мұнда бағаны төмендеткеніне қарамастан, келушілер мейманхананың жартысына да толмаған. Мысалы, стандартты бөлме шамамен 30 мың теңге. Бұл өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 35 пайызға аз. Осылайша қонақ үйге жауаптылардың өткен жылға өкпесі қара қазандай. Өйткені 25 жыл есігі айқара ашық отельдің пандемия салдарынан жұмысы тұралап тұр. Бұған қоса елімізге туристердің келуіне тұсау салынғаны да жағдайды күрделендіріп жіберіпті.

Әсем Абдуллаева, қонақ үй қызметкері:

-2020 жылы алға қойған мақсат көп болған еді. Бірақ ол орындалмай қалды. Қысқартулар, үлкен қысқартулар өтті. Біздегі мейрамханалар сырттағы сағат белгілі бір уақытқа дейін, мысалы, сағат 10-ға дейін, 11-ге дейін ғана жұмыс істеді. Сол тарапынан да біраз шығынға ұшыратты. Бұрынғыдай, толығымен қайта қалыпқа келуі үшін бізге біріншіден қатаң шектеудің түсірілуі қажет.

Бұл мәселе қазір өзге өңірлерде де өзекті. Солтүстік Қазақстан облысы қонақ үйлер мен демалыс орындары бойынша ең көп шығынға батқан аймақ. Яғни пандемия кезінде пайдадан қағылып, небәрі 450 миллион ғана табыс түскен.

Сайран Хамзин, СҚО мейрамханалар мен қонақ үйлер қауымдастығының төрағасы:

-Қаламыз екі рет карантинге жабылуына байланысты қонақтардың 90 пайызын жоғалттық. Қазір тек өзге аймақтардан келушілерді күтіп, жан бағып отырған жайымыз бар. Сондай-ақ сайт арқылы соңғы рет қашан өтініш келіп түскені тіпті есімізде жоқ. Бөлмелер қаңырап бос тұр. Бұл дегеніміз жағдайдың ушығып бара жатқанын білдіреді.

Елімізде туризм саласының 25 пайызын қонақ үйлер құрайды екен. Осылайша қазіргі қиын-қыстау уақытта басым көпшілігінің қаржылық әлеуеті әлсіреп жатыр. Кәсіпкерлердің айтуынша, бұл саланың оңалып, қайта аяққа тұруына екі жылдай уақыт керек. Қызыл шығынға баттық дегендер мемлекеттен қандай да бір қолдау көрсетілуін сұрайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде