Балаларды озбырлықтан қорғайды деген заң жобасы қайта қаралатын болды
Балаларды отбасындағы озбырлықтан қорғайды делінген заң жобасына қарсылық елде үдеп барады. Әсіресе салт-дәстүр мен діни жоралғыларға тыйымды естіген көпшілік бұған үзілді-кесілді қарсы. Ал заңда шынымен мұндай тыйым анық жазылған ба? Оны түсіндіріп жатқан ешкім жоқ. Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған мәжілісмендердің өзі мандытып ештеңе айта алмайды.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
21.01.2021
Заң жобасын жақтаушылар да аз емес. Дегенмен қызу қарсылықтан соң құжат кері қайтарылатын болды. Төменгі палата депутаттары енді оның шикі тұстарын қоғам пікірін ескере отырып қайта қарайды.
Отбасыдағы жанжалдың зорлық-қорлыққа ұласып кетпеуін болдырмауы тиіс заң жобасы былтыр бірінші оқылымда мақұлданғанымен, қызу талқыға жаңа жылдан бастап түсті. Әлеумет сан-саққа жіберген тармақтары мынадай: Баласының құқымен, нақтысы пікірімен санаспаған әке-шешенің әрекеті зорлықпен пара-пар. Ал ұл-қызға бас-басына бөлме бермесеңіз, заңды белден басқаныңыз дегенді естіген ата-аналар өре тұрды.
Жазира Қамолданова, көпбалалы ана:
-Үйіңізде сегіз бала болса, бізде сегіз бөлме жоқ. Көпбалалы аналарда сегіз бөлме болмайды. Кем дегенде екі бөлмеде немесе бір бөлмеде сегіз баламен, он баламен тұра береді. Қазақстанымызда жер көп, жер кең. Бірақ біз бір метр жерді алу үшін қаншама жыл зарлап, жылап келе жатырмыз. Баспаналар көптеп салынады, бірақ оның бәрі биліктің талан-таражына түседі.
Негізі қолданыстағы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң 2009 жылы бекітілген. Депутаттар жаңа заңға бас қатырғанша, соның жүзеге асырылуын талап етсе игі деп отыр наразы топ. Жүз шақты тұрғын Шымкенттің алаңына жиналғаны сол еді, жергілікті шенеуніктер оларды театрдың ішіне тықты. Осылайша пәтуаға шақырмақ болды. Бірақ талапшыл топ ойын іркіп қалмады.
-Сіздер де әкелеріңізден талай таяқ жеп өскенсіздер. Одан өлген жоқсыздар. Содан өсіп, қайта адам болып, ел басқарып отырсыздар. Ал біз бұларға қажет нәрсені әпере алмасақ, біздің не жазығымыз бар? Керек емес. Біз депутаттардың мағынасыз, мәнсіз, шала, ұйықтап отырып есіне түскенде шығара салатын заңдарына қарсымыз! Кетсін жұмыстан, болды!
Заңды қолдаушылар да аз емес. Өйткені өгей ата-ана, дінкеш әкеден немесе маскүнем анадан, педофилдерден қорлық көрген балалар елімізде аз емес. Сондай талай оқиғаға куә болған қоғам белсенділері заңды күшейтуді қос қолын көтеріп қолдайды.
Дина Смайылова, қоғам белсендісі:
-Меніңше, бұл заңнаманы балағаттап жатқандардың әрекеті еліміздегі тұрақтылыққа қарсы бағытталған. Ал заң жобасының өзі біздің қоғамға ауадай қажетті, көп пайдасы тиеді дегенге сенемін. 2009 жылдан бері бұл заңға оннан астам өзгеріс енгізіліп, міне, енді тәуір норма қабылданып жатқанда шамырқанып жатқандардың әрекетіне заң органдары бейжай қарамауы тиіс.
Негізі қатаңдатылған заң жобасы қоғам белсенділерінің талап етуімен әзірленген. Президент тапсырма берді. Оған 8 депутат бастамашы болса, олардың 3-і – сенатор ал қалғандары төменгі палата депутаттары. Ал заң жобасын талқылауға 50-ден астам жұмыс тобының мүшелері де тартылған. Арасында прокуратура, министрлік өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері болған. Оның үстіне әлі толық бекітілмеген заң жобасының айналасындағы сын-пікірдің барлығы еш негізсіз дейді мәжілісмендер.
Ирина Смирнова, Мәжіліс депутаты:
-Көбі 34-ші бапты қызу талқылап жатыр. Мұнда отбасыны профилактикалық есепке қою және шығару туралы айтылған. Бірақ бұл бап былтыр қыркүйектегі талқылауда алынып тасталған. Сосын көбінің үреймен айтып жүрген, яғни ата-ана құқынан айыра салады деген 35-ші бапқа келер болсақ. Міне, мұнда тек қамқорлық органдарының міндеті мен мақсаты ғана жазылған. Баланы тартып алу туралы бірде-бір сөз жоқ.
Қоғамда қызу талқыланған тақырыпқа Тоқаевтың өзі де үн қосты. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында әр айтылған пікірмен санасуға шақырды әрі заң жобасын бекітерде ана мен баланың құқы бірінші орында тұруы тиіс деп ескертті. Депутаттар да келісе кетті. Қазір заң жобасын кері қайтару мәселесі қаралып жатыр екен. Шикі тұстарына қатысты қоғамдық ұйымдармен, жалпы мүдделі тараптардың барлығымен бірлескен жұмысты бастаймыз деді бүгін Мәжілістегі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!