Алматыда көпқабатты үйдің жертөлесіне жатақхана салмақшы ма?
Жертөлені жатақханаға айналдырмақ. Алматыда екі бірдей көпқабатты үйдің тұрғындары осылай дабыл қақты. Олардың айтуынша, үй астындағы жөртеле тұрғындардың келісімінсіз сатылып кеткен. Ал жаңадан пайда болған иелері сол жерден жатақхана ашуға бекінген көрінеді.
Автор: Мақсат Мәлік
22.01.2021
Бір қызығы, жертөленің сатылуы заңға қайшы екенін мойындаған жергілікті билік өкілдері сотқа жүгінуге кеңес бергеннен басқа мардымды жауап айта алмады.
-Біз, тұрғындар, жертөлеге кіре береміз. Бұл меншіктегі үй. Бұл жерде құбырларымыз бар.
Өз үйінің жертөлесіне аттап басудан қалған тұрғындарды осы жолы ешкім тоқта алмады. Есікті әрең ашқан жұмысшылар қарсылық көрсетіп әлек. Алайда төмендегі жөндеу жұмысын көзімен көрген тұрғындар түрлі заңсыздықтарды тізбелей бастады.
-Міне, терезе де жоқ. Бұл біздің құбырлар, егер апат бола қалса, құбырларымызды көруге жертөлеге түсеміз ғой.
«Жұлдыз» ықшам ауданында жапсарлас орналасқан көпқабатты екі үйдің берекесін қашырған мәселе бір ай бұрын басталыпты. Алаңсыз жүрген жұрт сол кезде жертөленің сатылып кеткенін естиді. Ашулы ағайынның айтуынша, жақын күндері бұл жерде жатақхана ашылады екен.
Ирина Позиченюк:
-Жаңа жылдың алдында екі жігіт келіп: «Біз жерөтелені сатып алдық, жөндеп біткен соң жатақхана ашамыз» деді. Тұрғындарға қол қойдыруға тырысқанымен, келісім берген жоқпыз. Жеделсаты мен барлық коммуникация осы жерде орналасқан. Сонда жертөлені қалай тұрғын жайға айналдыруға болады?
Мәншүк Ағзамова
-Ақшасы көп болса, басқа нәрсеге жұмсасын. Біздің мазамызды алмасын. Ешқандай тұрғын үй, тұрғын емес үй деген керек жоқ. Сатып алса қалай болатынын білмейміз, бәріміз қарсы шығамыз.
Тұрғындар бетон қабырға мен еденді шұрық-тесік еткен жөндеу жұмыстары үйдің іргетасын құлата ма деп алаңдайды. «Қауіпсіздігімізге қатер төнді» деп зар илегендер жертөле тұрғын-жай талабына сай келмейтінін айтады. Олардың жанайқайын көршілері де қоштап отыр. Өйткені қатпалындағы көпқабатты үйдің жертөлесі бес жыл бұрын жатақханаға айналыпты. Содан бері түн ұйқымыз төрт бөлініп, өз үйімізде өгейдің күйін кешеміз дейді наразы топқа қосылғандар.
Әмина Құрманғалиева:
-Біздің үйдің жертөлесінде 5 жыл бұрын жатақхана ашылды. Әкімдік тұрғындардың қарсылығын ескермей, сатып жіберген. Әр бөлме 7 мың АҚШ долларына сатылған. Қалай адамдар көшіп келді, тыныштығымыз қашып, әуре-сарсаңға түстік. Сондықтан көршілеріме айтарым, жатақханаға жол бермеңіздер.
Ал жертөле иелері істің мән-жайын түсіндірмек түгілі, төбе көрсетуге жарамады. Жергілікті шенеуніктердің айтуынша, жертөле ортақ мүлік саналғандықтан заң бойынша сатуға болмайды. Өкінішке қарай кезінде үйді тұрғызған құрылыс компаниясы оны жеке тұлғаға сатып жіберген көрінеді.
Жандос Қайырханов, Алматы қалалық тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісі орынбасарының міндетін атқарушы:
-Жеке шаруашылық серіктестігінің басшысымен сөйлестім. Олар ешқандай жұмыс жасалып жатқан жоқтығын айтады. Тек кезінде құрылыстан қалған қалдықтарды шығару жүріп жатыр дейді.
Шенеуніктердің сөзінше, рұқсатсыз әрі тұрғындардың келісімінсіз жатақхана ашуға жол жоқ. Тіпті олар өзін толғандырған жайтты шешу мақсатында сотқа жүгіне алады дейді билік өкілдері. Ал бармақ басты, көз қысты әрекеттен қажыған тұрғындар прокуратураға шағым түсіргелі отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!