{metadescription}
Түркістан мен Жамбыл облысында қар мен бұрқасын тіршілікті тұралатты
Түркістан мен Жамбыл облысында қар мен бұрқасын тіршілікті тұралатты

Түркістан мен Жамбыл облысында қар мен бұрқасын тіршілікті тұралатты

Түркістан мен Жамбыл облысында күн райы күрт бұзылып, жолдар жабылды. Қалың түскен қар мен бұрқасының кесірінен жолаушылар діттеген жеріне жете алмай қиналуда. Төтеншеліктер мен полицейлер таңнан бері оларды құтқарумен әлек.

Боран мен күшті желден электр бағаналарына зақым келіп, Түркістандағы 100-ден аса ауылда жарық сөніп қалған.

Кешегі жаймашуақ күннің бүгін жұрнағы да қалмады. Түннен бері төпелеген қардың соңы боранға ұласқан. Әсіресе күре жолдағы ахуал қиын болып жатыр. Адым жер көрінбей, көлік қозғалысына шектеу қойылған.

Тараздан Шымкентке қарай көліктер жіберілмей жатыр. Себебі Күйік асуына дейін көктайғақ болса, Шақпаққа дейін қарлы боран соғып тұр. Полицейлердің мәлімдеуінше, бұрқасыннан таяқ тастам жердің өзі көрінбей жатыр. Сол себепті бірде-бір көлікті жолға шығармау шешімі қабылданған. Ал дәл қазір Айша бибі бекетінде 100-ден аса жеңіл және жүк машинасы қаңтарылып тұр.

Жолаушының бәрі шақпақ асуына келгенде тұрып қалып жатыр. Қар құрсауында 38 жүк, 15 жеңіл машинасы және 2 шағын автобус қалып қойған. Жалпы саны 59 адам құтқарылған. Сарысу мен Талас ауданына да қатынас тоқтады. Мұнда да сол боран жұртты әбігерге түсіріп жатыр. Жолда 6 көлік 23 жолаушысымен тұрып қалған. Төтеншеліктер оларды суыққа үсітпей дер уағында алып шықты. Қазір бірнеше ауылда ас-суы әзірленген жылыту пунктері жұмыс істеп тұр.

Данияр Айтбаев, жолаушы:

-Келгеніме екі сағат болып қалды. Жалғыз өзім. Үйге, бала-шағама бара жатырмын.

-Жаураған жоқсыздар ма?

-Әзірге болады.

 

Бұрқасын боран Түркістан облысы тұрғындарының да тіршілігін тұралатып тастады. Күшті желден электр бағаналарына зақым келіп, 100-ден аса ауыл мен Шымкенттегі бірнеше ықшам аудан жарықсыз қалған. Бұқараның бүгін түнде білте шаммен отыруына тура келеді. Өйткені ақауды әлі қалпына келтірумен айналысып жатыр. Ал ақтүтек бораннан жол апаты да жиілеген.

Тас жолда төрт жеңіл көлік соқтығысқан. Адам шығыны жоқ. Тек бір жүргізуші жарақатпен аруханаға түскен. Ондаған машина күртік қардан не ары, не бері қозғала алмай тұр. Ал төтеншеліктер мен полицейлер жолда қалғандарға көмек көрсетуде.

Қанат Қарабалаев, Түркістан облысы ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы:

-Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты Түлкібас ауданында Термез-Ташкент тасжолының 593-ші шақырымы және Бәйдібек ауданында  Қошқар Ата-Бірлік тас жолының 25-ші шақырымында уақытша жол жабылды.

Тараздан Алматыға қатынайтын күре жол да жабылды. Мұнда да күн райы бұзылып бұрқасын болып тұр. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарға күн райы ашылғанша алыс сапарға шықпау кеңес береді.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде