Ковид-19: Жеті өңірінде індет ушығып барады
Еліміздің 7 өңірінде індет ушығып кетті. Осыған байланысты жауаптылар карантинді қайта күшейтуге мәжбүр. Мәселен, қауіптің «қызыл» деңгейіндегі Атырау облысында мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшіп жатыр.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
22.01.2021
Ақмолада тұрғындардың діни орындарға баруына шектеу қойылды. Соңғы тәуліктің өзінде елімізде мың жарымға тарта адам коронавирус жұқтырып, 13 науқас осы дерттен көз жұмған.
«Қызыл» аймақта тұрған Ақмола облысында жағдайдың түзелетін түрі жоқ. Соңғы тәуліктің өзінде мұнда тағы 163 адамға коронавирус диагнозы қойылған. Сондықтан өңірдің бас санитары карантиндік шектеулерді одан сайын қатаңдатуға мәжбүр. Бұл жолы діни орындарға баруға шектеу қойылды. Яғни мешіттер мен шіркеулердің сыйымдылығы 30 пайыздан аспауы тиіс. Себебі бұған дейін діни шараларға қатысамын деп, індет жұқтырып алғандар болған. Ал сауда орындары демалыс күндері істемейді.
Сәуле Сәдуақасова, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
-Ірі сауда орталықтарында демалыс күндері адам көп жиналып жүр. Сондықтан оларды сенбі мен жексенбіде мүлдем жауып тастамақпыз. Бұл күндері гипермаркеттер мен супермаркеттер де жұмысын тоқтатады. Демалыста тек дәріхана мен азық-түлік дүкендері жұмыс істейді.
Індет жайлаған Атырау облысының бас санитары да жаңа қаулы шығарды. Теңіз кенішіндегі карантиндік шектеу мерзімі ұзартылды. Шектеу эпид-ахуал тұрақталғанша сақталады. Бүгіннен бастап облыстағы қоғамдық тамақтану орындары кешкі сегізге дейін ғана қонақ қабылдай алады. Ал мемлекеттік қызметкерлердің 80 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшуге мәжбүр.
Гүлназ Ербатырова, Атырау облыстық бас санитар дәрігерінің орынбасары:
-Фитнес орталықтары, спорттық кешендерінің жұмысына сенбі-жексенбі күндері шектеу қойылды, қызметіне тоқтау салынды. Сонымен қатар монша, спа, салондардың жұмыс күндері сағат онға дейін, ал сенбі жексенбі күндері қызметіне тоқтау енгізілді.
Қауіптің «қызыл» деңгейінде Атырау мен Ақмоладан бөлек, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан және Нұр-Сұлтан қаласы да тұр. Ал «сары» аймақта үш өңір қалды – Қарағанды, Алматы облыстары мен Алматы қаласы. Өңірлерде карантин қанша күшейтілгенімен, індеттің беті қайтпай тұр. Соңғы тәуліктің өзінде дерт 1430 тұрғыннан анықталған. Ал өкпе қабынуын 100-ге тарта отандасымыз жұқтырып алыпты. Қос індеттен бір күнде 13 адам көз жұмды.
Қазір елімізде коронавирустан 25 мыңнан аса адам емделіп жатыр. Оның ішінде 50 науқас өмір мен өлім арасында. Тағы 300-ге тарта адамның жағдайы ауыр дейді дәрігерлер. Пандемия басталғалы Covid-19-ға шалдыққандардың жалпы саны 174 мыңға жуықтады. Оның 2 жарым мыңға жуығы көз жұмған. Ал пневмония 47 мыңнан аса адамнан анықталып, 549-ын өлімге әкелді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!