Зейнетақы: Ақшаны қалай және қанша уақытта алуға болады?
Ертең зейнетақы қорында шекті сомасы бар азаматтардан өтінім мен құжат қабылдайтын арнайы портал іске қосылады. Ақшаны баспана алуға, жөндеу жұмысына жұмсау ережесі бекітілді. Ал медициналық мақсатта қор қаржысын жарату қағидасы қаңтар айының соңына дейін жарияланады.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
22.01.2021
Жалпы қор қаржысын қолдана алатын 700 мыңнан астам қазақстандықтың әрбір үшіншісі Алматы қаласынан екен. Одан кейін Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Атырау өңірінің азаматтары. Сонымен ақшаны қалай және қанша уақытта алуға болады?
Зейнетақы қорындағы қаржысын жұмсауға асыққан 60 мың қазақстандық бүгінде арнайы есепшоттарын ашып үлгеріпті. Соның тоқсан пайыздан астамы шаруаны онлайн тындырса, қалған аз мөлшері банкке баруды жөн көрген екен.
Жас ерекшелігіне қарай белгіленген шекті сомасы бар әр қазақстандық қаржысын мына мақсаттарға жұмсай алады: баспана сатып алуға, бұған дейін рәсімдеген ипотекасын толықтай не жартысын жабуға және де пәтеріне жөндеу жүргізуге құқылы. Шекті сомадан артылғанын жаратуға болмайтын шектеулер де бар. «Ережені сақтамағандар жазаланады» - дейді шенеуніктер.
Жансұлтан Матаев, «Отбасы банк» АҚ орталық филиалының директоры:
-Бүгінде осы бекітілген ережеге сәйкес, жаңағы шектілікті мөлшердің үстіндегі соманы шешіп алып, оны депозитке салып қоюға, өкінішке қарай, ондай рұқсат жоқ. Бұл жерде тек қана жаңағы жеткілікті шектің үстіндегі соманы алғашқы жарна ретінде, егер сіз тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне қатыспай, алдында депозитіңіз болмай, бірден елу пайыз ретінде салып үй алуыңызға болады. Бірақ оны шешіп алып, өсіремін, оған арнайы мемлекеттік сыйақы қосылады деп пайдалануға болмайды.
Ертең таңғы сағат 9-дан бастап өтінім қабылдайтын арнайы электронды портал іске қосылады. Өтінішті әуелі «Отбасы банк» екі күн көлемінде қарайды. Одан соң Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жөнелтеді. Осылайша бір өтініштің өзін қарап мақұлдауға 7 күн кетеді. Осы уақыт ішінде өтінім берген азаматтың шотына ақша түсуі тиіс. Ал шекті сомасы жоқ азаматтарға ережеде ерекше мүмкіндік қарастырылған.
Еркебұлан Дауылбаев, Құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары:
-Егер алушының қаражаты жетпесе, оның жұбайының, зайыбының немесе жақын туыстарының шот есебінен қаражат алуға болады. Әрине, бұл жерде міндетті түрде сол кісілердің келісімдері қажет.
Зейнетақы қорында шекті сомасы бар 760 мыңдай қазақстандық болса, соның әрбір үшіншісі – Алматы тұрғыны.
Одан кейін Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан қаласы және Атырау облысының азаматтары. Яғни қордағы қаржысының жартысын жұмсау құқы бар жалпы салымшылардың 70 пайыздан астамы осы төрт өңірдің тұрғындары.
Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Түркістан және Жамбыл облыстарында, негізінен ауыл шаруашылығы мен аграрлы салада жұмысшылары басым өңірлерде зейнетақы қорын пайдалану құқына иелері некен-саяқ. Олар жалпы шекті сомасы барлардың небары бір пайызын құрайды екен.
Ел-жұртты дүрліктірген 5 жылдық шектеуге келер болсақ. Егер ипотекаға алған баспана қарызын бес жылға жеткізбей жауып тастасаңыз, мүлкіңізді емін-еркін сата аласыз. Арнайы шотыңызға ақша түскен сәттен 45 жұмыс күнінің ішінде баспана алып, не рұқсат етілген мақсатта жұмсап үлгермесеңіз, ақшаңыз жинақтау қорына кері қайтарылады. Бұл ретте қайтадан өтінім беруге болады. Ал қор қаржысын медициналық мақсатта жарату қағидасы қаңтар айының соңында жарияланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!