Интернатта мүгедек қыздарға спираль салып, зорлаған – Шымкент
Шымкентте мүгедектерге арналған интернатта зорланды деген қызқа қатысты тергеу басталды. Бірінші топтағы мүгедекті интернатта 8 жылдан бері зорлап келген көрінеді. Бұл жантүршігерлік жағдайды анасы үш ай бұрын білдім дейді. Қызы жүктіліктен сақтайтын спираль салғанын айтыпты. Ал басшылар басқа мүгедек қыздарға да жаппай спираль салғанын жасырмайды.
Автор: Бек Әбиев
25.01.2021
Толғанай Батыршаеваның анасы интернатта тұрып жатқан мүгедек қызының зорланғанын «үш ай бұрын ғана білдім» дейді. Содан бері полиция мен интернатттың арасында шындық іздеп шарқ ұрып жүр. Тіпті Әлия Мамытова бар шындықты әшлеуметтік желіде жайып салған соң ғана іс қозғалыпты. Ал қызын 2010 жылы интернатқа өткізгенде пәк болғаны туралы анықтамасы болыпты. Бірақ Толғанайдың құрсағына жүктіліктен сақтайтын спираль 2012 жылы ешкімге ескертпестен салынған.
Әлия Мамытова, жәбірленушінің анасы:
-Демек қабынғанның үстінен сала салған шығар. Еш ескертпей. Әр 10 жыл сайын спираль салып тұрады екен.
-Оны қызыңыз айтты ма?
- «Спираль деген укол салды, содан бері бүйрегім, белім ауырады, жата бергім келеді», - деді қызым.
Әлия Мамытова сал боп туған әрі эпилепсиясы бар қызын 2010 жылы арнайы интернатқа береді. «Мынадай сұмдық боларын білгенде бір күнге де жібермес едім» - дейді. Толғанайға спиральді неліктен салғанын сұрауға барғанда қызметкерлердің жауабынан есінен тана жаздапты.
Әлия Мамытова, жәбірленушінің анасы:
-Гүлмира деген психолог айтты: «Иә, спираль салып қоямыз, әйтпесе бұлар екіқабат бола береді» деді. Тура солай деп айтты.
-Қанша қызға?
-43 қызға. Сапираль салдық деді. 44-ші менің қызым боп тұр ғой. Күдігім сол, спиральді не үшін салады? Спираль салып қойып, зорлап жүре береді. Интернаттың медициналық қызметкерлері.
Интернатқа бардық. Бірақ мардымды жауап берер тірі жан жоқ. Ал интернатқа жауапты жұмыспен қамту басқармасындағылар: «2012 жылы неге анасына ескертпей, спираль салғанын білмейміз» - дейді. Жалпы интернаттағы 120 қыз-келіншектің 32-не салыпты. Себебі спираль қауіптен сақтайды деп сендірді.
Ботагөз Оспанова, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қызметкері:
-Сот шешімімен бұлар әрекетке қабылетсіз боп тағайындалған. Психоневрологиялық аурулары бар. Осы спираль сол себепті қойылады. Бұл қыздарды үйіне де жіберіп отырады. Сырттан қорғау мақсатында. Ол балаларға спираль қойылып отырады.
29 жастағы Толғанайдың анасы арызды қарша боратқан соң, іс қозғаған полицейлер енді бір баппен іс қозғады. Тіпті интернатта 2010 жылдан бері жұмыс істегендердің тізімін алып, қазіргі 38 ер қызметкерлерді тергеп жатыр екен.
Шымкент қаласы полиция департаментінің қызметкерлері жергілікті тұрғынның қызына қатысты заңсыз әрекет жасалғаны туралы арызы бойынша ҚР ҚК-нің 120-бабы 2-бөлігінің 4-тармағымен (бірнеше рет жасалған зорлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жалғастыруда. Тергеуге тиісті сараптамалар және бірқатар тергеп-тексеру жұмысы жүргізілді. Сотқа дейінгі тергеу аясында мекемеде жұмыс істейтін барлық ер адамдар мен 2010 жылдан бері жұмыс істеген азаматтардан жауап алынуда.
Әзірге «зорланды» делінген Толғанай интернатта тұрып жатыр. Анасы: «Карантин біте сала, бір күнге де қалдырмаймын» - деді. Айтпақшы, мүгедектерге арналған интернатта 55 бейнекамера орнатылған. Мекемедегі қыз-келіншектердің жаппай зорланатыны рас болса, камераның көмектесері анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!