{metadescription}
Бөлексаз ауылы арам қатқан мал өлекселерінің ошағына айналған – Алматы облысы
Бөлексаз ауылы арам қатқан мал өлекселерінің ошағына айналған – Алматы облысы

Бөлексаз ауылы арам қатқан мал өлекселерінің ошағына айналған – Алматы облысы

Ауру ошағына айналған. Алматы облысының Бөлексаз ауылында тұрғындар іргедегі мал бордақылайтын қожалықты көшіруді талап етті. Ашуға булыққан бұқара шаруа иесі аурудан арам қатқан мал өлекселерін айналаға оңды-солды көміп, соның салдарынан бүтін ауылға кесел таралды деп отыр.

Одан қалса, өлекседен шығатын қолаңса иіс жұрттың тынысын тарылтқан. Шаруа иесі қарашаның шырылдап айтқан арызын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Ауылдықтардың жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.

Тракторға тиелген мал өлекселері ашық-шашық жерге төгіліп жатыр. Қимен араласқан өлексенің санында шек жоқ. Ал аурудан арам қатқан ірі қара бір ғана қожалыққа тиесілі. Шаруа иесінің бұл бассыздығын айтуға Бөлексаз ауылының тұрғындары тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Төрт түлікпен тұрмысын түгендейтін тұрғындар бір адамнның кесірінен бүтін ауылдың төрт түлігіне кесел жабысып жатыр деп қынжылады.

Бектұрсын Қаратаев, Бөлексаз ауылының тұрғыны:

-Осыдан бір жарым ай бұрын менің бұқам қораға ақсаңдап кірді. Бұқа бір тәулікке жетпей өлді. Сойып көрдік, қарасанның белгілері бар деді. Малдар өліп жатыр. Себеп: жанымыздағы қожалықтан жыл сайын мал қырылады. Ол сасып, боқтың астында жатқан. Оны бізден жасырған. Бәріміз содан келді деп күмәнданып отырмыз.

Ашуға булыққан қараша үйдегі малды сеспей қатырған дерт адамға да жұғып, жаңа аурудың түрі тарала ма деп алаңдайды.

Азат Тауқан, Бөлексаз ауылының тұрғыны:

-Бұлардың бес жылдан бері жасырған өлігі әлі тұр. Жүз бәленбай бас қидың астында тығылып жатыр. Содан ауру тарайды. Қашардың астынан су шығып жатыр. Ол өзенге қосылып жатыр. Өзеннен мал су ішеді. Оның сүтін балаларымыз ішеді. Ертең жаңа ауру шығады. Қазақстанға жаңа ауру түрін әкелеміз бе деп қорқамыз.

Бөлексаз ауылының мал өлексесін төгетін орын. Айналаны түгел ластаған шаруа қожалығының иесі де кесел жұқтырып арам қатқан ірі қарасын да осы жерге тастауды әдетке айналдырған. Тіпті кәсіпкердің малдың жапасы мен шек-қарнын жан-жаққа шашып кететіні жұрттың ашу-ызасын тудырып отыр. Ал бұл жерден шыққан иіс жаппай ауылға жайылып, тұрғындардың тынысын тарылтқан.

Қолқаны қабатын иіс әсіресе күн жылығанда күш алып, ауыл халқына еркін демалудың өзі мұңға айналады екен.

Сарқыт Исаділова, Бөлексаз ауылының тұрғыны:

-Үйіміз көшеміздің басында тұр. Соның өзінде иісі келіп тұр. Мектепте қаншама оқушы бар. Далаға шығып еркін жұмыс істеуден қалдық. Күн жылынғанда мүлдем сұмдық болады. Сасық иіс бүкіл ауылға жайылады.

Дауға себеп болған кәсіпкер көпшілікті тыңдаудың орнына көліктен шығуға жарамады. Тек тілшілер жауап алуға барған соң ғана амалының жоқтығынан сыртқа шықты. Шаруа иесін алғаш көрген бұқара бірден айғайға басты. Ал  бұқа, таналарды бордақылап сататын серіктестік басшысының айтар өз уәжі бар.

Бақытжан Әбдірасылов, қожалық иесі:

-Маған Алматы облысынан вакцина бөлініп жатқан жоқ. Маған мемлекет вакцина беріп жатқан жоқ. Мен вакцинаны сатып алып жатырмын. Вакцина салған кезде ауру шығып кетті. Ол менің қолымдағы құзыретімдегі дүние емес. Сосын облыстан адамдар келіп оқшаулауға алды. Малды жойып тастау да біздің құзыреттегі дүние емес.

Қазір бұл қожалық карантинге жабылып, алдағы уақытта залалсыздандыру жұмыстары жүргізілу жоспарланған. Ветеринарлар екпе нәтижесінде 53 бас ірі қарадан қарасан ауруы табылып, олардың барлығы талап бойынша жойылғанын жеткізді. Ал ауыл ішіндегі төрт-түлікке тиісті вакцина салынған көрінеді. Бөлексаздықтарды сабырға шақырған аудан әкімі де өз кезегінде түйіні тарқамаған түйіткілді шешіп беруге уәде берді. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

03 қаңтар

02 қаңтар

01 қаңтар

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде