Ақтауда көпқабатты үйдің жертөлеге кіретін есігін бітеп тастаған
Ақтауда көпқабатты үйдің тұрғындары жертөлеге түсе алмай тоңқаңдап жүр. Себебі құрылыс компаниясы жылу жүйесі орналасқан жерді жеке кәсіпкерге сатып жіберген. Сөйтіп құбыр тұрған жерге кіру үшін үйдің сыртынан иттің үйшігіндей есік жасап беріпті. Жылу жүйесінде апат болса, ол жерге сантехниктер кіре алмай әлек болады екен.
Автор: Айман Нұрмағанбет
26.01.2021
Осыны айтып тұрғындар талай табалдырықты тоздырған. Бірақ жертөлеге есіктен емес, тесіктен кіріп жүргендердің жанайқайын тыңдар құлақ табылар емес.
-Мына тесікті не деп айтасыңдар? Тауықтың ұясы дейсіңдер ме? Тышқанның ұясы дейсіңдер ме?
Назымгүл Ермекова «Сарыарқа» тұрғын үй кешеніне екі жыл бұрын көшіп келген. «Бұл баспана жаңадан салынғаны болмаса, сапасы сын көтермейді» - дейді. Әсіресе жылу жүйесінде ақау көп көрінеді. Бірақ оны жөндеу үшін тұрғындар жертөлеге түсе алмай жүр. Өйткені құрылыс компаниясы ешкімге айтпастан, жертөлені жеке қолға сатып жіберген.
Назымгүл Ермекова, Ақтау қаласының тұрғыны:
-Тоңқаңдап, екі бүктетіліп кіреміз. Өткенде бір әкім келемеж қылды. «Сіздер кірмейсіздер, сантехник кіреді» деді. Сантехниктің жаны жоқ па, бала-шағасы жоқ па? Су атқылап жатады. Жертөленің астына кім түседі?! Түскен адам күйіп қалады.
Көпқабатты тұрғын үйдің астындағы жылытатын жерге кіретін жалғыз есікті құрылыс компаниясы бітеп тастаған. Егер жылыту жүйесінде қандай да бір ақау пайда болып немесе құбырлардан су кетсе, сантехниктер терезеден мініп, түсуге мәжбүр. Сантехниктер бұл қуықтай терезеден кіріп-шығу ыңғайсыз дейді.
Сантехник мамандардың өзі бұл жерге кіру оңай емесін айтады. Ыңғайсыз баспалдақтан мініп-түсудің өзі тауқымет дейді. Тұрғындар шағымын арқалап әкімдік пен құрылыс компаниясына талай барған. Бірақ жауаптылар жертөлеге есіктен емес, тесіктен кірудің еш әбестігі жоқ деп қайтарыпты.
Бақыт Меңдібаев, Құрылыс компаниясының заңгері:
-Астына кіретін мүмкіндік осы терезені үлкейту арқылы жасалған. Ар жағында баспалдағы бар. Толық мүмкіндік бар деп есептеуге болады деп ойлаймын. Егер оған көнбейтін болса, біз тағы кеңейтіп беруге дайын болдық.
Алайда тұрғындар бұған келіспей отыр. Кішкентай есікті кеңейтетін болса, үйдің сапасына әсер етіп, баспанамыз жермен-жексен болуы мүмкін деп қорқады. Себебі қазірдің өзінде үй қабырғасында жарықтар пайда бола бастаған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!