«Қасым хан» сериалының 30 миллионын жеп, екі жылға сотталды
«Қазақфильм» филиалының директоры екі жылға сотталды. «Қасым хан» тарихи сериалының түсірілімін ұйымдастыруы тиіс болған басшы бөлінген 30 миллион теңгені жеп қойған.
Автор: Аруна Ортай
26.01.2021
Тергеу дерегінше, «Қасым ханның» қаржысын жеуге Қуаныш Ахметовке екі адам көмектесіпті. Біреуі – киностудия қоймасының меңгерушісі, екіншісі – өзінің жақын бизнесмен танысы. Сериал түсіруге қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға тендер өткізген басшысы оны өзінің танысына ұтқызған. Сөйтіп есеп-шотына 30 миллион 700 мың теңге аударады. Содан киноның ақшасын шетінен шешіп, өзара бөлісіп алған. Қылмыс алдыңғы жылы болған. Алайда сот үкімі енді шығып отыр. Тарихи фильмнің теңгесін талан-таражға салған Қуаныш Ахметовке сот 2 жыл кесті. Кино түсіруге бөлінген ақшаны бірлесіп жеген сыбайластары одан да жеңіл жазамен құтылды. Сот екеуін 3 жылға бас бостандығын шектеп қоя берді. Ал ұрланған 30 миллионның тек 8 миллионнын қайтарылыпты. Енді жемқорлық кесірінен Мәдениет министрлігі мен «Қазақфильм» бірігіп, сонау 2018 жылы жарнамалаған «Қасым хан» сериалының түсірілімі әлі басталмаған. Соңы сотпен аяқталған «Қасым ханды» киностудия қайтадан басынан бастап түсірмекші.
Бауыржан Үсенов, Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ баспасөз хатшысы:
-Қасым хан туралы толық метражды фильм ретінде, бұл фильмнің жұмыс атауы «Ұла дала таңы» деп аталады. Осы кезеңде сценарий жазылып жатыр. Костюмдер тігіліп, реквизиттер дайындалуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!