Ереуілге шыққан мұнайшылардың талабы орындалмай жатыр – Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысында ереуілге шыққан мұнайшылардың талабы әлі орындалмады. Қос тарап екі күннен бері келісімге келе алмай отыр. Сондықтан жалақы жүз пайызға көтерілмейінше, жұмысқа шықпаймыз дейді жиналғандар. Олар наразылық басталған кенішке облыс әкімінің келуін талап етіп отыр.
Автор: Жаңалық Ахаш
26.01.2021
- Облыс әкімі Оңдасын қатыссын. Бір күн болды жүргенімізге. Бір күн болды. Екінші күнге кетті.
-Бұл дұрыс емес.
- Мен дұрыс айтамын. Дұрыс емес болса, мына жерде тұрмас едік, жұмыста жүрер едік. Бізге айлықты жүз пайызға көтеріп беріңдер. Ештеңеге келіспейміз, әңгіменің керегі жоқ.
«КМК Мұнай» компаниясының 200-ге жуық мұнайшысы кешелі бері жұмысқа шыққан жоқ. Келіссөзге келген акцеонерлік қоғамның бас директоры жалақысын небәрі 20 пайызға ғана көтеруге әзір екен. Бірақ бұған мұнайшылар көнбей отыр. Талаптары толық орындалмайынша, мұнай бұрғылауға кіріспейміз дейді. Дегенмен қытайлық инвесторлар қара алтын өндіруді бір күнде болса тоқтатпау үшін көрші кеніштегі бөлімшелерден инженерлік құрамды шақыртқан.
Көкжиде кенішіндегі «КМК-Мұнай» компания жұмысшылары айлығын жүз пайызға өсіруден бөлек, жатақханадағы жағдайды реттесін деген талап қойған. Себебі жатар орындары мен ішер асына көңілі толмайды. Ал келіссөзге барған комиссия өкілдері бұған уақыт керек деп отыр.
Аслан Бахатов, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясының мемлекеттік инспекторы:
-Құрылтайшылармен сөйлескенде 20 пайызға жалақыны көтергені жөнінде хабардар етті. Алайда жұмысшылар оған көнбей, айлықты жүз пайызға көтермейінше, жұмысқа қосылмаймыз деп отыр. Мен жаңа айтқанымдай, бұл мәселе, қосымша, сол құрылтайшылармен сөйлесу жалғасуда.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!