{metadescription}
Вакциналауға қатысты Тоқаевтың көңілі толмайтын жайт көп
Вакциналауға қатысты Тоқаевтың көңілі толмайтын жайт көп

Вакциналауға қатысты Тоқаевтың көңілі толмайтын жайт көп

Президент қазақстандық вакцина салдырады. Егер отандық өнім сынақтан ойдағыдай өтіп жатса, Қасым-Жомарт Тоқаев та елмен бірге  QazCovid-In  екпесін салдырады. Алайда ақпаннан басталатын елді жаппай вакциналауға келгенде мемлекет басшысының көңілі толмайтын жайт көп.

Бірнеше өңір «қызыл аймаққа» кіріп жатса, елдегі вирус жұқтырғандардың нақты саны да күмән тудырады. Себебі, өңірлер рейтинг қуамыз деп көп мәліметті жасыруға машық. Не істеу керек?

Президенттің айтуынша, елді жаппай вакциналау мәселесінде кейін түсініспеушілік пен хаос туып жүрмес үшін ескеретін жайт жетерлік. Сондықтан оған егжей-тегжейлі зерделенген тыңғылықты жоспар керек. Тоқаевтың денсаулық сақтау министрлігі мен облыс басшыларына алдымен тапсырғаны осы болды. Егер бәрі ойдағыдай болып жатса, Қасым-Жомарт Кемелұлы өзі бастап отандық вакцина салдырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Отандық вакцина сынақтан оң нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. Солай болып жатса, мен дәл қазақстандық вакцинаны салдырамын. Дағдарысты еңсерудің әлдеқайда ықпалды әрі жүйелі әдісі осыжаппай вакцинация. Сондықтан Үкіметке өңір әкімдерімен бірлесе отырып тыңғылықты дайындалып, 1-ақпаннан бастап жаппай вакциналауға кірісуді тапсырамын.

«Елдегі коронавирус жұқтырушылар саны туралы ақпарат  қаншалықты шын?» деген сұрақ қашаннан көптің көкейінде еді. Өңірлердің рейтинг қуып, жазадан құтылу үшін шынайы мәліметті жасырып, небір айла-шарғыға баратыны Тоқаевқа да мәлім болып шықты. Сайып келгенде соның кесірінен мемлекет боп жұмылған бүкіл күш-қуат зая кетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

-Бір ай ішінде нақты статистикалық зерттеу жүргізілуі тиіс. Сөйтіп әр өңір мен адамның жас ерекшелігіне қарай шынайы көріністі анықтау керек. Одан соң мәліметтер әрдайым жаңарып тұруы керек. Бұл оқушыларды сабаққа жіберу, азаматтар мен бизнеске шектеу шараларын айқындауға аса қажет. Пандемия басталғалы жыл өтті. Осы аралықта жиған тәжірибемізді пайдалану керек.

Шынайы жағдай қаншалық ушыққанын кім білсін. Әзірге Цой бірнеше өңірдің «қызыл аймаққа» кіргенін айтумен ғана шектелді. Жекелеген өңірге ескертуі де бар.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: 

-26-қаңтардағы жағдай бойынша, «қызыл аймақта» 8 өңір тұр: Ақмола, Атырау, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары. Соның ішінде Ақмола, Павлодар және Қостанай облыстарында эпид-ахуал лайықты бақылауға алынбай отыр. Соның салдарынан елдегі науқастардың 40 пайызы осы үш өңірге тиесілі.

Мұндай деректің мемлекет басшысына жақпағаны анық. Павлодар облысы әкіміне сол жерде шүйлігіп, жағдайды тез оңалтуды тапсырды.

1-ақпаннан бастап covid-19-ға қарсы жаппай вакциналау басталады. Ресейлік «Спутник V» вакцинасын бірінші болып 100 мың дәрігер қабылдайды. Ал отандық QazCovid-In вакцинасы наурыз айынан бастап қолданысқа түседі. Ол кезде де өз еркімен медицина қызметкерлері, педагогтар, және созылмалы ауруы бар науқастар –  барлығы 150 мыңға салынуы тиіс. Сөйтіп жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандық, оның ішінде президент те бар, вакцина қабылдауы керек.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде