Жұмыспен қамтуға бөлінген 1 триллион желге ұшқан
«Жұмыспен қамтудың жол картасына» бөлінген 1 триллион теңге желге ұшқан. Мемлекеттік бағдарлама аясында екі қолға бір күрек тапқандардың 40 пайызы көлеңкеде қалып қойған. Яғни жұмыспен қамту көп жағдайда тек қағаз жүзінде ғана.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
26.01.2021
Енді мұндай істерді әшкерелеумен экономикалық қылмысқа қарсы арнайы орган айналысатын болады. Жаңа агенттік құруды бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырды.
Шенеуніктер президент қойған тапсырманы орындау жағынан әлі ақсап тұр. Бұған "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы дәлел. Мемлекеттің қаржысы жұмсалған бағдарлама тағы сол жартылай қағаз жүзінде жүрген.
Ал бұл мақсатқа бақандай 1 триллон теңге бөлінген екен. Соның тек жартысы ғана, яғни 500 миллард теңгеден астамы қазынаға салық болып қайтарылған. Бұл өте мардымсыз көрсеткіш. Президент мұны Үкімет мүшелерінің бетіне басты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Бағдарлама халықты еңбекпен қамтып, іскерлік белсенділікті қолдау үшін маңызды рөл атқарды. Алайда ондаған және жүздеген мың жұмыс орны ашылғаны туралы ақпаратты тексергенде, ол зейнетақы және салық төлемдерімен сәйкес келе бермейді. Азаматтарды қағаз жүзінде ғана жұмысқа орналастыру белең алып отыр. Бірыңғай ақпараттық жүйеге бір адам туралы мәлімет қайта-қайта енгізіледі.
Енді жалған кәсіпорындар мен салықтан әдейі жалтарып жүргендермен күрес күшейеді. Ол үшін қысқа мерзімде президент жанынан Экономикалық қылмыстармен күрес агенттігі құрылады. 1994 жылы жасақталған бұл агенттік 2014 жылы таратылған еді.
Бас-басына бір-бір қызметтік көліктен мінген шенеуніктердің еркелігіне де енді шектеу қойылмақ. Мысалы бір ғана қызметтік темір тұлпардың бір жылдық күтіміне қазынадан 6 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Сондықтан президент қызмет көліктердің санын дереу қысқартуды тапсырды. Мәселен, осы тәжірибені қолданған Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жылына 1 миллард 500 миллион теңге үнемдепті.
Соңғы кезде ана мен бала өлімі де алаңдатарлық деңгейге жеткен. Әсіресе былтыр өлім-жітім 2,8 есеге артып, 160-тай ана көз жұмған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:
-Өлім-жітімге басты себептердің бірі ретінде перинаталдық орталықтардың нашар техникалық базасы айтылады. Бұл мәселе жыл сайын көтеріледі. Жансақтау бөлімдерінің жағдайы сын көтермейді. Жағдайы ауыр науқастарға арналған жабдық жетіспейді. Сондықтан үкімет пен барлық өңір әкімдері бірігіп, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық жағдайына түгендеу жұмыстарын жүргізуді тапсырамын.
Мектепке дейінгі мекемелердің жағдайы да мәз емес. Мәселен 11 мың балабақша мен шағын орталықта 900 мыңдай бала тәрбие алып жатыр. Соның 36 пайызында орталықтандырылған кәріз жүйесі жоқ, 29 пайызында ыстық су болмаса, 11 пайызы заманауи дәретханамен де қамтылмаған. «Бұл мәселелер барда бәсекеге қабілетті ұлттың тәрбиесі жайлы айту ерте» - деп ашынды президент.
Үкімет отырысында оқулықтардың сапасына қатысты да сын айтылды. Әсіресе Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы пәндерінің кітаптары бір-бірімен сәйкеспейтін әрі тарихи негізі жоқ деректерге толы екен. Осыны алға тартқан президент шұғыл түрде оқулықтардың мазмұн-мәнімен жұмыс істеуді тапсырды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!