ПИК 2022 жылдың шілдесіне дейін Мүлік иелері бірлестігіне айналуы керек
Елдегі бүкіл пәтер иелері кооперативтері 2022 жылдың шілдесіне дейін түгел Мүлік иелері бірлестігіне айналуы керек. Жай серіктестік құруға да болады. Егер көпқабатты үй тұрғындары өз бетімен бірлестік құра алмаса, Тұрғын үй инспекциясы араласады.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.01.2021
Бүгін тұрғын үй-коммуналдық сала өкілдері Мүлік иелері бірлестігін құру науқаны барысымен таныстырды.
Нұрбек Серіков, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
-Мүлік иелері бірлестігін немесе жәй серіктестік құру үшін пәтер иелері бірқатар шара атқаруы керек. Алдымен бүкіл пәтер иелерінің кемінде 10 пайызынан құралған бастамашыл топ құрылу керек. Сосын осындай топ құрылғаны туралы жұртты арнайы үлгіде хабарландыруы тиіс. Егер өз беттерінше құра алмаса, ол кезде Тұрғын үй инспекциясы араласып, ұйымдастырып береді.
Жаңа ереже бойынша хабарлама бұрынғы басқару органына және жергілікті Тұрғын үй инспекциясына жолдану керек. Сондай-ақ бүкіл құжатты бұрынғы басқару органынан үш күн ішінде қабылдап алуы қажет. Егер келіспей, түрлі қайшылықтарға тап болып жатса, жаңа бірлестік сотқа жүгінуге құқылы.
Жалпы бұл науқан биыл 7-қаңтарға дейін аяқталуы керек болған. Бірақ карантин шектеулері бәріне қолбайлау болып, бұл мерзім тағы бір жарым жылға ұзартылып отыр. Енді көппәтерлі үйлердегі Мүлік иелері бірлестігі немесе жәй серіктестіктер 2022 жылдың шілдесіне дейін құрылып бітуі тиіс. Осыған дейінгі үй күтімімен айналысатын пәтер иелері кооперативтері еді. Мамандардың айтуынша, бұрын олар қарамағына ондап, жүздеп үй алып басқара беретін. Оның бәрінің қаражатын бір қазанға салатын. Қайшылық та көбіне осыдан туады. «Енді ондайға жол берілмейді» - дейді сала өкілдері.
Марғұлан Әбдікәрімов, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамыту орталығы департаментінің басшысы:
-Үй кеңесі құрылады. Үй кеңесі бақылайды және бірлестіктің төрағасы. Осы ең басты мәселе. Бұл ақшаны 100 үйге жайып кетпей, яғни, бір үйде ғана ұстап, бір есепшотты, бір бірлестікті, бір көппәтерлі тұрғын үй, осы қағидат заңда белгіленген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!