Ұрланған көлік полицерлердің сыбайластығынан шекара асырылуда
Көлік ұрлығы Мәжілісте көтерілетін мәселеге айналды. Өйткені оның көлемі адам шошырлық деңгейге жеткен. Ал ұрылар айдап әкеткен 40 мың машинаның тек бірлі жарымы ғана иесіне қайтарылыпты. Ұрланған көліктің көбі Ресей мен Орта Азиядағы көрші елдерге асады. Ал ұрлықтың ашылмауын Ішкі істер министрлігі елдер арасындағы дерек алмасудың болмауынан көріп отыр.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
27.01.2021
Ерлан Тұрғымбаев, ҚР ІІМ министрі:
-Бүгінде ТМД келісіміне сәйкес елдермен шекарамыз ашық. Осыны пайдаланған кейбір азаматтар заң бұзып жатыр. 2005 жылдан бастап осы кезге дейін ұрланған 223-тен астам көліктің тек 30 пайызы елге қайтарылды.
ТМД көлеміндегі кез келген елге қолды болған көлік жайлы сұрау жіберілсе, бір ай көлемінде жауап қайтарылуы тиіс. Осы талапты орындауға бүгінде Ресей, Беларусь, Молдова, Қырғызтан, Тәжікстан және Қазақстан келіспек. Соңғы 15 жылдың ішінде Қазақстандағы 40 мың көлік ұрланса, соның ТМД көлемінде тек 223 данасы ғана табылған. Ал елге бар болғаны 66 көлік қайтарылған. Мәжіліс спикері бұл тұста темір тұлпарды шекара асырып жібергіштерге бірінші кезекте полицейлердің сыбайлас екенін министрдің бетіне басты.
Нұрлан Нығматулин, Мәжіліс төрағасы:
-Барлығына белгілі, әшкере болған көлік ұрлығының осы жолдарында, Ерлан Заманбекұлы, Қазақстандағы және басқа елдердегі полицейлердің тікелей қатысы бары анық. Себебі көліктердің VIN-кодтары ашық деректе жататын дүние емес, оны ала салып, басқа елге жібере салу қарапайым адамдардың қолынан келмейді. Сондықтан қоластыңыздағы қызметкерлермен айналысыңыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!