Елімізде коронавирустың қарқын алу себебі неде?
Алматыда індетке қатысты ахуал ушығып кетті. Қала төрт күннен бері қауіптің «қызыл» деңгейінде. Дерт дендеген Ақмола мен Павлодар облыстарында да бірнеше күн қатарынан тәулігіне 200-ден аса науқастан тіркелуде. Президент сынынан кейін бұл өңірлердің санитар дәрігерлері вирустың қарқын алу себебін іздей бастады.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
27.01.2021
Олар: «Жағдайға мониторингтік топтардың өз жұмысына салғырт қарауы бірден-бір себеп» - деп отыр.
Үкіметтің кешегі отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев науқастарға қатысты статистиканы әдейі жасырып отырған өңір басшыларын сынаған болатын.
Соңғы күндері Алматы «қызыл аймақтан» шыға алмай тұр. Өйткені індет бой берер емес. Тек соңғы бір күнде 139 адамға коронавирус диагнозы қойылған. «Бұған тұрғындардың санитарлық талаптарды сақтамауы басты себеп» - дейді дәрігерлер. Себебі, науқастардың 40 пайызы вирусты қоғамдық орындарда жұқтырған. Арасында кино мен спектакль көруге барамын деп ауру тілеп алғандар да бар.
Жандарбек Бекшин, Алматы қаласының бас санитар дәрігері:
-Соңғы үш аптада отбасылық іс-шараларда «жаңа жыл» дейміз, «ескі жыл» дейміз, көптеген карантин талабын бұзғандар анықталды. Оның ішінде той-думадар басталды. Кинотеатрлар мен театрға барып жұқтырған жағдайлар тіркелді.
Дегенмен Жандарбек Бекшин қала «қызыл аймақта» ұзақ тұрақтамайды деген үмітте. Әйтпесе, мегаполисте карантинді күшейтуге тура келеді.
Індетке қатысты шынайы мәліметті жасырады делінген Ақмола облысында да тәулік ішінде вирус жұқтырушылар саны 200-ден түспей тұр. Мұның себебін өңірдің бас санитары мониторингтік топтардың өз жұмысына салғырт қарауынан көреді. Себебі, қазір Ақмолада осындай 159 топ болса, өткен тәулікте олар карантинді бұзған бар-жоғы 6 фактіні анықтапты.
Айнагүл Мусина, Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:
-Мониторингтік топтар жұмысын сылбыр жүргізіп отыр. Карантиндік шектеулерді бұзу фактілерін нақты анықтап отырған жоқ. Өкінішке қарай, санитар дәрігерлер мониторингтік топтар анықтаған деректер бойынша ғана шара қолдана алады.
Әрі мұнда да тұрғындар қауіпке көз жұмып, құдалық пен туған күн жасауды тоқтатар емес.
«Қызыл аймақтағы» тағы бір өңір – Павлодар облысында да дәл осындай жағдай. Бір күннің өзінде мұнда 219 тұрғынға коронавирус диагнозы қойылды. Жағдай ушыққан соң, ауданаралық қоғамдық көлік тоқтатылған. Алайда шектеу қанша күшейтілгенімен, індеттің беті қайтар емес.
Батырбек Әлиев, Павлодар облысының бас санитар дәрігері:
-Өйткені тұрғындар бетперде режимін сақтамайды. Әлеуметтік қашықтықты да ұмытады. Шектеу туралы мүлдем ұмытып кетеді. Осының бәрі індеттің таралуына әкеледі.
Жалпы еліміз бойынша қаңтарда өткен аймен салыстырғанда қауіпті дертті жұқтыру көрсеткіші 10 пайызға артқан. Соңғы тәуліктің өзінде 130 адам пневмонияға шалдығып, бір науқас қайтыс болды. Ал коронавируспен 1400-дей адам тіркелді. 15-і бақилық болды.
Осыған дейін Covid-19-ға шалдыққан отандастарымыздың жалпы саны 181 мыңнан асып отыр. Алты облыс пен екі қала қауіптің ең жоғары деңгейінде. «Сары аймақта» – Қарағанды облысы. Қалған өңірлерде жағдай тұрақты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!