Қосшыда «Даймонд парк» қалашығына қатысты дау туды – Нұр-Сұлтан
Елордада үлескерлер үйіне жете алмай жүр. Бұл жолы Қосшы ауылында салынып жатқан «Даймонд парк» қалашығына қатысты дау туды. «Құрылыс компаниясына алдандық» дегендер көпбалалы, зейнеткер сынды әлеуметтік аз қамтылған топ өкілдері. Олардан ақша жиып алған құрылыс компаниясы 2019 жылдан бері жұмысын тоқтатқан. Ал құрылыс компаниясы даудың басын жергілікті әкімдікке сілтеп отыр.
Автор: Ербол Тұрымбет
27.01.2021
Сөйтсе құрылыс санитарлық аумаққа кіріп кеткен. Екі жақ ырғасып жүргенде жұрт далада қаңғып қалған. Солардың мұңын елордалық тілшіміз тыңдап келді.
Құрылысы бітпей үйінің қаңқасына телміріп жүргендердің бірі – Мереке Оспанов бұл жерден пәтер алмақ болып 5 миллион теңгеге жуық ақша салған. Сондағысы бар-жоғы 25 шаршы метр бір бөлмелі пәтер. Ал 2019 жылы бітуі тиіс үй қол жетпес қиялға айналған.
Мереке Оспанов, үлескер:
-Тоқтап та тұрған жоқ. Жарты жылда бір ай жұмыс істейді. Содан кейін тағы өтеді де, екі апта жұмыс істейді. Ол да көз алдаудың бір түрі сияқты. Мәселе сол болып тұр. Егер де «неге тоқтап тұрсыңдар?» деп айтсақ, «жоқ, міне, кешеден бері істеп жатырмыз» дейді.
Мереке Оспановтың күйіне түскендер саны 300-ге тақау. Қазіргі тірлігі сәт сайын келіп құрылыс басында қыбыр білінбегеніне көз жеткізу ғана. Келіп-кету де оңай емес. Мәселен, көпбалалы ана Гүлмира Ысқақова Қарағанды облысынан қатынап жүр.
Гүлмира Ысқақова, үлескер:
-Алты баланың анасымын. Төртеуі әлі кәмелетке толмаған. Күйеуім ауыр науқастан желтоқсан айында көз жұмды. Армандаған пәтерімізді сол күйі көре алмай кетті. Мемлекеттен тіленіп отырған ештеңеміз жоқ. Тек пәтерімізді салып берсе, не салған ақшамызды қайтарып берсе екен деп отырмын.
Осындағы жұрттың айтуынша, «Даймонд парк» қалашығында 3-4 қабаттық 70 үй салынуы керек болған. Әзірге соның 18-і ғана салынып бітсе, тек жетеуінде адам тұрып жатыр. Жағдайының сын көтермейтіні бір төбе, есік орнына шүберек іліп қоюды осы жерден көрдік.
Салынып бітті деген үйлердің өзі әлі дайын емес. Сыртынан қауқиып көрінгенімен, ішінің қаңырап бос тұрғаны жақыннан анық көрінеді. Ал құрылысы әлі салынып жатқан жер ескі ғимараттардың қалдығындай көрінеді. Ондағы жұмыстың ұзақ уақыт тоқтап қалғанын құрылыс заттарының көміліп жатқанынан анық байқауға болады.
Құрылыс компаниясы өкілдерімен жолығуымыз мүмкін еместігі о бастан сезілді. Десек те суыртпақтап сұрап білгеніміз: құрылыс санитарлық аумаққа кіріп кеткен. Яғни осында күйдіргі індетінен өлген мал көмілген, сол аумаққа өтіп кетіпті. Аудан әкімдігі осындай дәйекпен компаниямен соттасып жатыр екен. Құрылыстың ұзақ уақыт тұралауы содан дейді. Ал ауыл әкімдігі «мекемеаралық комиссия шешеді» дегеннен артық ештеңе білмейді.
Парасат Досмағамбетов, Қосшы ауылдық округі әкімінің орынбасары:
-Құрылыстың кешеуілдеуі соның салдарынан деп ойлайсыздар ма?
-Солай болып тұр. Айтып тұрмын ғой, комиссия құрылған соң, шешім қалай болады, жұмыс та солай жүргізіледі.
Енді арнайы комиссия санитарлық аумақты белгілеп, «Даймонд парктің» оған кіріп-кірмейтіні анықталу керек. Оның артын әкімдік пен компания сот арқылы шешуі тиіс. Сөйтіп құрылыс тағы бірер жылға созылатын түрі бар.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!