Шенеуніктерге ренжіп жатақхананы жылу мен жарықтан ажыратып тастады – Шымкент
Шымкентте шенеуніктерге ренжіген құрылысшылар жүзден астам отбасы тұрып жатқан жатақхананы жылу мен жарықтан ажыратып тастады. Себебі құрылыс компаниясы ғимаратқа электр желісін тартып, жылу жүйесін жөндеген екен. Бірақ бұған көк тиын да алмапты.
Автор: Бек Әбиев
27.01.2021
Өйткені тапсырыс берушілер ақшаны мүлдем өзге фирмаға аударып жіберген көрінеді. Енді шенеуніктер мен құрылысшылардың текетіресінен қарапайым халық қараңғыда қалды.
«Пиканте» деп аталатын құрылыс фирмасы 141 отбасы тұрып жатқан жатақханада 2019 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Тозығы жеткен бес қабатты ғимараттың жертөлесін нәжістен тазартып, подъездерін жөндеген. Оларға тапсырыс берген «Тұрғын үй» мекемесі былтыр жатақхананың жарығы және жылу жүйесін де жаңалауды ұсыныпты. Құжатты кейін рәсімдеп, ақшаны да соңынан аударамыз деп сендірген. Бірақ бар жұмыс біткенімен, 5 миллион теңгеден астам қаражат жатақханаға қатысы жоқ өзге фирмаға аударылып кеткен.
Қамбар Тұрлыбеков, мердігер мекеменің директоры:
-Мына үйдің автор қадағалаушы емес, басқа авторға, басқа техникалық бақылауға қол қойдырып алып, менің істеген электрім мен жылуымды 5 млн 100 мыңымды басқа фирмаға аударып жібереді. Бұлар қабылдау актісіне қол қойдырып алады. 5 млн 100 мың теңгені аударып алған фирмаға хабарластым. «Ей, сенің мұның қалай, олармен өзің шеш, маған аударды, мен шештім оларға әкеп бердім, болды» - дейді.
Электр сымдары мен құбырларды қарызға алып жұмыс істеген компания енді «шаш етектен шығынға баттым» деп, талай мекеменің есігін қағыпты. Бірақ еш нәтиже болмаған соң, бүгін ашуға мінген құрылысшылар өздері жүргізген 6 мың метр кабельді түгел жұлмаққа бекінді.
Құрылыс заттарын түгел өз ақшасына сатып алған құрылыс компаниясы тіпті жылу құбырларын да кесіп тастамақ болды. Ол үшін суды тоқтатып, арнайы техника шақыртқан. Бірақ жылу мен жарықсыз қалған жұрт далаға шығып шулап кетті. Ал осы мердігерге тапсырыс берген тұрғын-үй мекемесі «Пиканте» фирмасының жұмысы «тым шала» дейді. Ал ақшаның өзге фирмаға аударылып кеткенін мойындаған жоқ.
Арман Ақашов, «Тұрғын үй» мекемесінің заңгері:
-Өтірік айтады. Бұл кісінің айтқанымен келіспейміз. Әйтпесе бізді құзырлы орындар тексеріп отыр ғой. Бұлардың өзі жұмысты толық істемеді. Біз берген тапсырыстың 50-60 пайызын ғана орындады.
Тұрғындар былтырдан бері жалғасып келе жатқан қос тараптың дауынан әбден шаршаған.
Гүлнұр Бейсембаева, Шымкент қаласының тұрғыны:
-Білмейміз енді. Әкімшілік келіп шешіп беретін шығар немесе тұрғын үй шешіп беретін шығар, әлде мыналар. Екі ортада осы текетіресінің кесірінен біз қиналып отырмыз. Не істерімізді білмейміз, шыны керек.
«Жалған құжатпен ақша алды» деген мердігер компания енді тапсырыс берушінің үстінен, ал тұрғын-үй мекемесі «жала жапты» деп қарсы тарапқа арыз түсірмекші. Ал бітпес даудан жалыққан жұрт әкімдік пен прокуратураға шағым түсіріп, сағызша созылған құрылыстың тезірек бітуін талап етпекші.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!