Елордада ерекше күтім қажет балаларға тегін бейімдеу орталығы жұмыс істейді
Елімізде ерекше күтім мен қолдауды қажет ететін балаларға жағдай жасауда әрі қоғамға бейімдеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отыр. Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының бірлескен «Қамқорлық» жобасының аясында елордада тегін бейімдеу орталығы жұмыс істейді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
28.01.2021
Өйткені ДЦП-мен ауыратын балалардың емін әр ата-ананың қалтасы көтере бермейді.
Тимур Мұратов, Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
-Нұр-Сұлтан қаласында қазір 5 944 бала есепте тұр. Оның ішінде ДЦП диагнозымен 1 200 бала. Ол жаңағы балалардың ішіндегі 20 пайызы. Осындай оңалту орталықтарында көмек көрсету әбден қажет. Қаламызда бұдан басқа республикалық оңалту орталығы бар. Бірақ олардың мақсаты – ерте оңалту. Ал мұнда үшінші кезең – амбулаторлық оңалту.
«Қамқорлық» жобасының жүзеге асу барысымен Нұрсұлтан Назарбаев қорының директоры Дариға Назарбаева танысты. Әзірге бұл орталық ДЦП дертіне душар болған Нұр-Сұлтан қаласындағы балаларды ғана қабылдайды. Мұнда 21 күндік оңалту ем-шараларынан өтемін дегендер баласының емханасынан арнайы жолдама алады. Жолдама мерзімі белгілі болған соң, төрт түрлі сынама тапсырады.
Бейімдеу орталығының Америка мен Германиядан алынған жабдықтарына «Самұрық-Қазына» Ұлттық әлауқат қоры қаржы бөлсе, тұтас орталықтың барлық шығынын Нұрсұлтан Назарбаев қоры мойнына алған.
30 түрлі оңалту қызметі көрсетілетін күндізгі амбулаторлық шараларға бір уақытта 50 бала келе алады, яғни жылына 600 бала арнайы курстардан өту мүмкіндігіне ие. Мұндағы 29 маман орталық ашылмас бұрын біліктілігін арттырған.
«Қамқорлық» жобасы ел астасындағы №89 мектеп-лицейінің инклюзияны қолдау сыныбында жалғасын тауып отыр. Бұл сыныпта аутизм, түрлі психикалық ерекшеліктері бар балдырғандар қатарынан қалмай білім алады. Мектепте 1900-ден астам оқушы болса, соның 30-ы ерекше білім беруді талап етеді.
Бейімбет Мұхамедиев, №89 мектеп-лицейінің директоры:
-Елімізде инклюзивті білім беру бірнеше жыл қолданылып жатыр. Біздің мектепте, мемлекетімізде барлық бала – тең. Біз бұл балаларды бөліп оқытпаймыз. Инклюзив сыныбында қазір 15 мұғалім өтіп жатыр. Көбінесе бастауыш сынып мұғалімдері. Сонымен қатар логопед, дефектолог және де ерекше балаларды қолдап алып жүретін тьюторлар (ағылш. tutor — баулушы, репетитор, мұғалім – ред.) бар. Әр баланың жанына бір-бір сондай әмбебап мұғалім бекітілген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!