Садыр Жапаров сыртқа жұмыс іздеп кеткен қырғыздарды елге қайтаруға уәде берді
Қырғызстанның алтыншы президенті ант қабылдады. Садыр Жапаров бүгіннен бастап ресми түрде қырғыз елінің басшысы ретінде қызметіне кірісті. 53 жастағы президент саяси қақтығыстардың кесірінен зардап шеккен халқының әл-ауқатын көтеріп, сыртқа жұмыс іздеп кеткен қырғыздарды елге қайтаруға уәде берді.
Автор: Аруна Ортай
28.01.2021
-Мен, Жапаров Садыр Нургожаевич, Қырғыз Республикасы президенті қызметіне кірісіп жатып, құдайдың және елімнің алдында Қырғыз республикасының конституциясын тақ атқаруға, еліміздің бүтіндігін сақтауға ант беремін!
Садыр Жапаров ұлықтау рәсіміне жалғыз көлікпен және күзетсіз кіріп келді. Бұл қырғыз тарихындағы ең қарапайым ант қабылдау болды. Манас жыры мен әнұраннан басқа ешқандай артық ән орындалған жоқ. Қонақтардың да саны шектеулі. Мәртебелі меймандардың арасында Қырғызстанның экс-президенттері Сооронбай Жээнбеков пен Роза Отунбаева да бар. Биліктің ауысына алып келген соңғы саяси қақтығыстардан соң, экс-президент Сооронбай Жээнбеков Садыр Жапаровтың билікке келуіне қарсыласпай келіскен еді. Сөйтіп қылмыстық қудалаулардан аман қалды. Пандемияға қатысты салтанатты шараға ешқандай елдің президенті шақырылмаған. Әр ел тек өкілдерін жіберді. Қазақстанның атынан Жансейіт Түймебаев құттықтау сөз сөйледі.
Жансейіт Түймебаев, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары:
-Қазақстан және Қырғызстан арасындағы достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген ынтымақтастық жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, халықтарымыздың игілігі үшін бұдан әрі нығая беретініне үміттенемін. Ізгі ниетпен Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті, Елбасы құттықтауды тапсырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!