{metadescription}
Алматыда карантин: Кім, қалай жұмыс істейді
Алматыда карантин: Кім, қалай жұмыс істейді

Алматыда карантин: Кім, қалай жұмыс істейді

Індеттің таралуы бойынша «қызыл аймақтан» шыға алмаған Алматыда ақыры карантинді күшейтуге тура келді! Мегаполистегі сауда ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлардың сенбі-жексенбіде жұмыс істеуіне тыйым салынды. Кинотеатр мен театрлар қайта жабылады. Қоғамдық тамақтану орындары да 20:00-ге дейін жабылуы тиіс.

Бас санитар дәрігердің бұл қаулысына кәсіпкерлер үзілді-кесілді қарсы. Дегенмен шектеуді күшейтпеске амал жоқ дейді мамандар.

Мегаполисте тәулігіне індетпен тіркелетін науқас саны 130-дан түспей тұр. «Жағдайдың ушығуына симптомсыз науқастар себеп болды», - дейді дәрігерлер. Өйткені олар үй карантинін мүлдем сақтамайды. Енді коронавирус жұқтырған барлық науқас міндетті түрде ауруханаға жатқызылады.

Сәдуақас Байғабылов, Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің орынбасары:

-Симпомсыз науқастар үйде оқшауланудың орнына жер-жерді аралап жүреді. Сондықтан олар енді стационарға жатқызылады. Ауруханаларда орын жеткілікті. Көбіне жастар індетті қоғамдық орындардан жұқтырып, үйдегі ата-анасына, ата-әжесіне тасымалдайды.

Мәселен, кино көруге барып індет арқалап қайтқан алматылықтар бар. Сол себепті кинотеатрлар қайта жабылады. Былтыр да пандемия басталғанда қызметі тоқтатылған кинотеатрлар қазанның соңында әрең ашылған. Онда да қатаң шектеу аясында жұмыс істеді. Сондықтан олардың қазір қаржылық жағдайы мәз емес. Ал жаңа шектеу кино бизнесімен айналысатындарды одан сайын тығырыққа тірейін деп тұр.

Ерлан Бұқарбаев, кинотеатрлар желісінің PR директоры:

-Қазақстандағы кинотеатрлар банкроттықтың сәл алдында тұр. Пандемия біткенде «Қазақфильм» мен мәдениет министрлігі түсірген фильмдерді көрсететін жер болмайды. Өйткені кинотеатрлар жабылады.

Бекшин тек кинотеатр емес, театрларды да жабуды бұйырды. Алайда мұнда да қаржылық қыспақ алқымынан алған. Бірақ театр басшылары актерлердің шығармашылығына көбірек алаңдайды.

Ая Қалиева, Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры:

-Ең құрымаса актерлерді театрда қалдыру қажет. Олар дайындықты жалғастыра берсе деймін. Әйтпесе актерлердің қалыпқа келуі қиын болады. Олар да спортшылар сияқты.

Жаңа шектеуге сәйкес, сауда ойын-сауық орталықтары мен сауда үйлері жұмыс күндері кешкі 8-ге дейін ғана жұмыс істей алады. Демалыста жабық болады. Ал жабық базарлардың жұмысы 17:00-ге дейін қысқартылды. Бұлар да сенбі-жексенбіде қызметін тоқтатады. Қоғамдық тамақтану орындары да кешкі сағат тек 8-ге дейін қонақ қабылдай алады. Алайда бұл саладағы кәсіпкерлер де қаулыға қарсы.

Альфия Тоқтыбакиева, асханалар желісінің атқарушы директоры:

-20:00-ге дейін жұмыс істеу бізге өте тиімсіз. Бұлай болса біз кешке келетін қонақтардың бәрін жоғалтамыз. Яғни кірістің 50 пайызынан қағыламыз.

Бұған қоса мегаполистегі мектепке дейінгі балалар мекемелерінің қызметіне тыйым салынды. Тек кезекші топтар ғана жұмыс істей береді.

Жандарбек Бекшин жұмыс орындарында қызметкерлердің 80 пайызын қашықтан жұмыс істеуге көшіруді бұйырды. Көпшілік қанша қарсы болғанымен, карантинді күшейту туралы қаулы дүйсенбіде күшіне енеді. Тек шектеу шараларының қашанға дейін созылатыны белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде