Достық тұрғындары ескі амбулаторияны жабуға қарсы – Алматы облысы
Амбулаторияны жабуға үзілді-кесілді қарсы. Алматы облысының Достық ауылында тұрғындар осылай наразылық білдірді. Өйткені ауылда жаңа медорталық ашылып, жұрттың бәрін сонда тіркеп жатыр екен. Ал ескі амбулатория енді жабылуы тиіс. Жаңа орталық қалтамызды қағады деп алаңдайды тұрғындар.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
29.01.2021
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы бәрі тегін дегенге жұртты орталық басшысы да, жергілікті әкім де сендіре алған жоқ. Сондықтан олар ескі болса да, бұрынғы амбулаторияның қалғанын талап етіп отыр.
Достық ауылындағы жалғыз амбулатория алдағы аптадан бастап жабылуы керек. Мұны естігелі жұрттың дегбірі қашқан. Өйткені амбулатория орнына жаңадан ашылған орталық қалтамызды қағады деп алаңдаулы.
Кәріпжан Бидайшиев, Достық ауылының тұрғыны:
-Бұл жекеменшік. Жекеменшік болғаннан кейін одан үміт жоқ. Егер ол мемлекеттік болса, онда сенуге болатын еді. Олар бәрібір өздерінікін істейді. Ертең қан тапсырсаң да ақша сұрайды. Ал біздікі тегін. Анализ тапсырып, уколымызды салғызып жатырмыз. Осы ыңғайлы, ескі болса да.
Осылай деп мұң шаққан тұрғындар тозығы жетсе де амбулаторияның ақ халаттылары басы ауырып балтыры сыздаған жанға тиісті көмек көрсетіп келгенін айтады. Бұқараның жанына бататыны аудан, облыстық атқамінерлері ауылға ат ізін салмай, мән-жайды бір ауыз түсіндіруге жарамапты.
Бауыржан Қасымов, Достық ауылының тұрғыны:
-Үкіметтің амбулаториясы тұрғаны дұрыс қой. Халықтың қалауы сол. Оны ешкім нақты түсіндіріп жатқан жоқ. Осы күнге келіңіздер дедік. Баяғы округтің әкімі соны айтып тұр. Қалай халық сенеді осыған дейін? Облыстан әлі ешкім келген жоқ. Жауап алған жоқпыз. Ауданнан да ешкім келген жоқ.
Жұрт шырылдап жайнайқайын жеткізіп жатса да, ауылдық округтіктің әкімі қызметін уақытша атқарып жүрген шенеунік тым сабырлы. «Сен тимесең, мен тименің» керін келтірген ол алаңдауға еш негіз жоқ деп қысқа қайырды.
Бауыржан Сокуров, Қаратұрық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы:
-Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен бізде ашылып жатқан Nova invest серіктестік арасында келісімшарт жасалған. Келісімшарттың мерзімі 10 жыл. Келісімшарт бойынша мекеме осы амбулаторияның қызметін тура солай атқарады. Ақылы деген әңгіме жоқ. Мына жерде істеп жатқан қызметкерлердің барлығы сол жерге көшіріледі.
Жаңа медорталықтың басшылығы да тура сол амбулаторияның қызметін тегін атқарамыз дегенге тұрғындарды сендіруге тырысты. Ал төлем Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы жүргізіледі екен.
Лейлә Ишбаева, Nova invest ЖШС өкілі:
-Алматы облысында 753 медициналық нысан бар. 40 пайыздан артығы біткен. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға келмейді. Суы жоқ. От жағатыны ішінде. Ешқандай медициналық жабдығы жоқ. Мына амбулаторияда рентген, УЗИ, анализатор, кардиограф, телемедициналық технология орнатып жатырмыз. Бәрі тегін болады.
Бірақ сол «тегін» дегенде жиналғандардың бірде-біреу сенген жоқ. Кейін бәрібір ақылы болып шығады деген тұрғындар ескі амбулатория қалай да қалсын деп талап етіп отыр.
Бұл медициналық орталық ақпан айында тұрғындарға есігін айқара ашады. Серіктестік өкілдері Алматы облысында дәл осындай 70-тан астам медициналық мекеме салуды жоспарлаған. Алайда ауыл жұрты амбулаториялық пунктінің жабылуына түбегейлі қарсы. Сондықтан олар облыс әкімінен араша сұрамақ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!