{metadescription}
Жемқор шенеуніктердің «тәбетіне» пандемия да әсер етпеген
Жемқор шенеуніктердің «тәбетіне» пандемия да әсер етпеген

Жемқор шенеуніктердің «тәбетіне» пандемия да әсер етпеген

Шымкенттегі модульдік аурухана құрылысына қатысты да сұрақ көп. Жемқорлыққа қарсы агенттік тергеу жүргізіп жатыр. Бірақ Алматыда да, Шымкентте де нақты күдікті жоқ. Оңтүстік астанадағы болмай қалған тұтқындаудан кейін жемқорлықпен күресшілердің аузы күйген сияқты.

Былтырдан бергі пандемия біздегі жемқор шенеуніктердің "тәбетіне" еш әсер етпеген. Тек соңғы бір жылда бақандай бес вице-министр жемқорлық қылымыспен сотталып кеткен. Қазына қаржысына қол сұққан, мансабын асыра пайдаланған басшылар саны 200-ден асады. Бір қызығы, қарамағындағы қызметкерлерінің қылмысына жауапты деп танылған 6 басшы ғана отставкаға кетіпті.

Алматы мен Шымкенттегі коронавируспен ауырғандарды емдейтін модульдік аурухана былтыр бір-екі айда тұрғызылып, президентке мақтанышпен таныстырылған нысандар еді. Әрқайсының құрылысына мемлекеттің 5-6 миллиард теңгесі жұмсалды. Сол қаржының жартысы қолды болғанын жемқорлыққа қарсы агенттік екі апта бұрын жариялады. Тіпті Алматыдағы Жайлы қалалық орта басқармасының бастығы Сапар Нұрышевтің ұсталғанын хабарлаған. Алайда ол ақпараттары расталмай, антикордың аузы күйген сыңайлы.

Қазір қос қаладағы аурухана құрылысынан қаржы жымқыру дерегіне қатысты тексеру жүріп жатыр. Бірақ нақты күдіктілер жоқ. Агенттік тергеу аяқталған соң, барлық деректі жариялаймыз деп жылы жауып қойды агенттік.

Коронавирус пандемиясы жемқор шенеуніктерге еш кедергі болмапты. Құлқы мен қамын күйттегендердің арасында түрлі сала басшылары мен орынбасарлары жетіп артылады. Бір сөзбен айтқанда, атын атап түсін түстесек ұзаққа кетуге болатын жемқор басшылардың ұзын-жырғасы 200-ден асады.

Алик Шпекбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы:

-Сотталғандардың арасында бір облыс әкімі, төрт облыс әкімінің орынбасары, екі жауапты хатшы, бір елші, бес судья, он аудан және қала әкімдері мен олардың орынбасарлары бар. Оның үстіне бес вице-министрдің, бес комитет төрағасы мен олардың орынбасарларының және квазимемлекеттік мекемелердің бес топ менеджерінің  ісі қаралып жатыр.

Жемқорлық дерегі көп тіркелген мекемелер: ауыл шаруашылығы және ішкі істер министрліктері, мемлекеттік кірістер комитеті. Денсаулық саласы да алдыңғы қатарда.

Ал атышулы LRT жобасының нүктесі әлі қойылған жоқ. Бюджеттің миллиардтарын қалтаға басып қашып кеткен «Астана-LRT»-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан мен елорда әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековті агенттік тергеушілері жер-көктен іздеп таппай жүр.

Сергей Перов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің екінші департаментінің басшысы:

-LRT-ға қатысты қылмыстық іс сот қарауында жатыр. Қазір айыптылардың қатарында жеті адам бар. Ізін жасырып үлгерген екі адамды іздеу әлі жалғасуда. Олар Ардан мен Сұлтанбеков. Осы ретте халықаралық деңгейдегі әріптестеріміздің көмегіне жүгініп жатырмыз.  

Өткен жылы 100 қылмыстық іс қозғалса, соның тең жартысында дағдарысқа қарсы бағытталған қаражатқа қол сұққандар ұсталған. Бір қызығы, қызметкерлерінің қылмысына жауапты деп танылған 6 басшы ғана отставкаға кетіпті.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде