{metadescription}
Ақтөбе облысында тағы бір мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты
Ақтөбе облысында тағы бір мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты

Ақтөбе облысында тағы бір мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты

Ақтөбе облысында тағы бір мұнай компаниясының жұмысшылары ереуілге шықты. Кореялық инвестордың тапсырысын орындайтын «АМК-мұнай» серіктестігінің қызметкерлері жалақысын 150 мың теңгеге жеткізуді талап етіп жатыр. Себебі, мұнайшылар «айлап үй көрмей жүріп табатын айлығымыз небәрі 67 мың теңге» деп ашынып отыр.

Бұған дейін Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар да наразылыққа шыққан болатын. Жалақы көлемін 100 пайызға көтеруді талап еткендер бес күннен бері басшыларымен бір келісімге келе алар емес.

Таң атысымен Бешенкөл кенішіндегі мұнайшылар жұмысқа шықпай қойды. Олар: «Жалақыны көтермейінше, ереуілді тоқтатпаймыз» деп отыр. «АМК-мұнай» компаниясының жұмысшылары осы күнге дейін небәрі 67 мың теңге айлық алып келген. «Үй көрмей, жарты ай вахтада жүріп табатынымыз күнкөріске жетпейді» деп ашынды. Сондықтан президентке үндеу жолдап, кеніш басындағы жетпіске жуық адам наразылыққа шықты.

-Біздің адал еңбегімізді ең минималды жалақы – 150 мың теңгеге көтеріп беруіңізді сұраймыз. Алатын жалақымыз: операторлардікі – 67 мың теңге. Ол жалақы біздің жанұямызды асырауға, коммуналдық қызметті төлеуге жетпейді. Азық-түлік бағасы болса ай сайын өсіп жатыр.

«АМК Мұнай» компаниясының 100 шақты жұмысшысы кеніш басындағы әріптестерін ауыстыру үшін кеше Бешенкөлге баруы керек еді. Бірақ оларды басшылары облыс орталығынан жібермей қойған. Осылайша инвестор наразы топтың санын азайтпақ болған көрінеді. Бірақ түздегі әріптестеріне қолдау білдіруге олар Ақтөбедегі кеңесінің алдына жиналып, басшыларына талаптарын жеткізбек болды.

Серік Қайрат, мұнайшы:

-Бүгін, қаңтардың 29-ывахтаға қосылу күніміз. Бізді қоспай, сол екінші вахтамен кері қайтарып жіберіп тұр. Қазір айлығымыз 65 мың. Еңбекақы –  44 мың. Осылай үш жыл болды «көтеріміз» деп айтып келе жатыр. 65-70 мыңдай аламыз.

«АМК Мұнай» компаниясы корейлік инвесторлардың тапсырысымен Бешенкөл кенішінен мұнай өндіреді. Арызын айта барғандарға басшылары «компанияны жауып тастаймыз» деп қорқытыпты. Ал бес күн бұрын ереуілге шыққан Көкжиде кенішіндегі мұнайшылар қытайлық инвесторлармен әлі келісімге келмеді. «КМК Мұнай» компаниясының жұмысшылары жалақыларының жүз пайызға көтерілуін талап етіп отыр. Бірақ акционерлер тек 20 пайыздан асырмаймыз деп қасарысып отырып алған. Оларға жергілікті билік «еш әсер ете алмаймыз» деп ақталады. Ал «АМК Мұнай»  жұмысшыларының бүгін бастаған ереуілінен еңбек инспекторлары «хабарсызбыз» деп ақталды.

Саламат Аманбаев, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы:

-Олардың жұмысын тоқтатқанынан мен бейхабармын. Бүгін вахтаға ауысудың соңғы күні. Бұл мәселе, мысалы, жергілікті атқару органдарының мәслихаттар, не басқа мемлекеттік органдарға кірісуге тыйым салынған. Бұл жерде әр көтерілген мәселемен тек жұмыс беруші мен жұмысшы арасында, тек заң аясында шешілетін мәселе.

Осыдан екі күн бұрын Көкжидедегі мұнайшылар, ең болмағанда кездесуге облыс әкімі келсін деп талап қойған еді. Бірақ Оңдасын Оразалин наразылық басталған бес күннен бері ол жаққа ат ізін салмады.

 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде