{metadescription}
Тұрғындар аулада тоғыз қабатты үйдің салынуына қарсы – Алматы
Тұрғындар аулада тоғыз қабатты үйдің салынуына қарсы – Алматы

Тұрғындар аулада тоғыз қабатты үйдің салынуына қарсы – Алматы

Құрылыс жүргізуге жол бермейміз. Алматыда тұрғындар аулада тоғыз қабатты үйдің салынуына қарсылық білдірді. Тынышы қашқан жұрт зәулім үй бой көтерсе, жалғыз алаңқай мен жерасты көлік тұрағынан айырыламыз ба деп қауіптенеді.

Жұрттың айтуынша, құрылыс компаниясы президенттің тығыз құрылысқа қатысты ескертуін де елемей отыр. Ал құзырлы орындағылар оларға әлі ешқандай рұқсат берілмегенін айтады.

Лаура Мұналбаева: «Іргемізден тоғызқабатты үй тұрғызылса, күн сәулесіне зар боламыз ба?» - алаңдайды. Баспанасының бір беті көлеңкеде қалған көпбалалы ана тағы екі бөлмесінің тұмшалануына түбегейлі қарсы.

Лаура Мұналбаева, Алматы қаласының тұрғыны:

- Басқа жақтан 10 қабатты  үй салынды. Бізде ол жер де қараңғы. Күн сәулесі түспейді. Көршілердің не істеп жатқанын көреміз. Мына жерден тоғыз қабатты үй салынатын болса, тас қараңғы болып қалады. Бізге қиын болады.  

Бұл Лаураның ғана түйткілі емес, бүтін «Виктория» тұрғын үй кешеніне ортақ мәселе. Тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мегаполисте тығыз құрылысты тоқтату керек деген ескертуін «ешкім елемейді» деп налиды. Айнала толған үйден онсыз да жүріп-тұруымыз қиындап, тынысымыз тарылды деген қараша кезекті құрылысты тоқтату үшін ештеңеден тайынбайтынын айтып отыр. 

Шархан Ақынбеков, Алматы қаласының тұрғыны:

- Қасым-Жомарт Тоқаев жақында «үйлерді жиі-жиі салуға болмайды» деп айтты. Мына жерге үй салатын болса, көлік тұрмақ адамдар кіре алмайды. Ауамен демала алмаймыз. Саламын дейтін болса, техниканы кіргізбейміз. Жолдың бойында жатамыз. Басқа амал қалмады.

Мән-жайды түсіндіруге жарамаған құрылыс компаниясы есіктерге осындай хабарлама ілумен шектеліпті. Тіпті олар дауға себеп болған жерді қоршап, құрылысты бастауға бекінген. Алайда бұған тұрғындар жол бермепті. Мазасы қашқан жұрт биік нысанды тұрғын үйге тақап салуға қандай заңға сүйеніп рұқсат берілгенін түсіне алмай жүр. 

Сәуле Иманбекова, Пәтер иелері бірлестігінің төрағасы:

Бұл жер заңсыз сатылған. Компанияға қалай өтіп кеткені түсініксіз. Біз 2009 жылы үйді сатып алғанда аталған жер құжатымызда жазылған. Жер біздікі. Жерасты көлік тұрағымыз бар. Соның бір бөлігіне де құрылыс жүргізілмек. Балаларымыз да ойын алаңынан қағылайын деп отыр. Сондықтан құзырлы органдар осы жайтқа назар аударуы тиіс.

Ал сәулет-құрылыс бақылау басқармасындағылар тұрғын үй құрылысына ешқандай рұқсат берілмегенін алға тартады.

Бауыржан Дүйсебек, Әуезов аудандық қалалық жоспарлау және аумақтарды үйлестіру қызметінің басшысы:

- Жер телімінің иесі бізге сәулет-жоспарлау тапсырмасын алуға талай мәрте арызданған. Ол арыздарды басқарма кері қайтарды. Өйткені нақты жоспарлау жобасында аталған тұрғын үй құрылысы көрсетілмеген. Алаңдайтын ешқандай негіз жоқ. Өйткені сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен нобайлық жобаның келісімі берілген жоқ.

Дегенмен бұқара жауапты басқарма мен компания түбі ортақ келісімге келе ме деп қорқады. Сондықтан олар қала әкіміне базынасын жеткізбек. Тұрғындар түйткілдің түйіні онда да тарқамаса, қалалық прокуратураға арыз жазамыз деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.