Көкшетауда кәсіпкердің үйін тонаған ұрылар ұсталды
Көкшетауда кәсіпкердің үйінен 40 миллион теңгені темір сейфімен бірге алып кеткен ұрылар ұсталды. Бұған дейін де талай рет істі болған үш азамат қолды болған ақшаның тек 10 миллионын қайтарған.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
01.02.2021
Ұрлық тал түсте жасалған. Үй иесі қымбат көлігін сатып, ақшасын пәтеріндегі темір сейфіне салып қойыпты. Оңай олжа іздегендер көпқабатты үй маңындағы бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Полиция оларды көп кешікпей қолға түсірді. 38, 42 және 55 жастағы үш азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған. Олардан 10 миллион теңге табылды. Ал қалған 30 миллионды қайда жібергенін, ұрланған сейфті қай жерге жасырғанын әзірге айтпай отыр. Қазір үш күдіктіге қатысты ұрлық бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Мәулен Шәйкенов, Көкшетау қалалық ПБ бөлім бастығы:
- Пәтердің есігін кілт келтіріп ашқан. Криминалдық полицияның жедел іздестіру шарасы кезінде үш азамат күдікке ілікті. Қазір олар ұсталып, уақытша тергеу абақтысына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!