Ереуілге шыққан мұнайшылардың талабы орындалатын болды
Ақтөбе облысында ереуілге шыққан мұнайшылар мәмілеге келді. Компания басшылары олардың қойған талаптарын орындауға уәде берді.
Автор: Жаңалық Ахаш
01.02.2021
Қытай инвесторларына қарайтын Көкжиде кенішіндегі «КМК-Мұнай» компаниясының жұмысшылары тура жеті күн бойы жұмысқа шықпай қойды. 200-дей адам жалақысын жүз пайызға өсіруді талап еткен. Алғашқыда басшылары айлықты тек жиырма пайызға көтеруді ұсынған. Оған мұнайшылар келіспеді. Кейін осы ұсыныстың өзін қанағат тұтыпты.
Ал үш күн бұрын бұрын ереуілге шыққан Бәшенкөл кенішіндегі «АМК-Мұнай» компаниясы жұмысшыларының да дегені болды. Корейлік инвесторлардың тапсырысын орындайтын бұл компания қызметкерлері осы күнге дейін небәрі 67 мың теңге айлық алып келген. Енді жалақыларына 40 мың теңге қосылып, наурызда жаппай сыйақы алатын болды. Одан бөлек, үш айдан соң компания басшылары шартты жаңартып, жалақыны қайта өсіруі тиіс.
Саламат Аманбаев, Ақтөбе облыстық еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма басшысы:
- Ақпаннан бастап, үш ай ішінде осы компаниямен бірге шарттары тоқтатылады. Сондықтан жаңа шарт жасалғанда келіскен уақытта осы жалақы мәселесі қаралады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!