{metadescription}
0:000:00
Эпид-ахуал: Төрт өңірде жағдай нашар

Эпид-ахуал: Төрт өңірде жағдай нашар

Қазақстан коронавирус таралу қаупі бойынша «қызылдан» «сары деңгейге» түсті. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Өйткені желтоқсан айынан бері вирус жұқтыру қарқыны қатты өскен. Әсіресе төрт өңірде жағдай алаңдатарлық. «Қызыл аймақтағы» Павлодар облысында 7 ауыл мен Ақмола облысында 11 мектеп карантинге жабылған.

Бүгін «қызыл аймақтан» Нұр-Сұлтан қаласы да орташа қауіпті деңгейге өтті. Дегенмен санитар-дәрігерлер арқаны кеңге салуға әлі де деп отыр. Елордада соңғы тәулікте тағы 61 адамнан ауру анықталған.

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас санитар дәрігері:

- 2020 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда аурудың 1 жарым есеге немесе 35 пайызға өсуі байқалады. Аурудың тұрақты өсуін, бір жағынан тестілеуден өтетін адам санының артуымен, екінші жағынан, қала тұрғындарының шектеу шарасын сақтамауымен байланысты.

Алматыда карантиндік шектеу қайта жеңілдетілді. Қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин осыдан үш күн бұрын қойған қатаң талабының күші жойылды. Енді сауда ойын-сауық орталықтары мен жабық базарлары бұрынғы режимде – 10.00-ден 23.00-ге жұмыс істейді. Қоғамдық тамақтандыру мемекемелеріне де 07.00-ден 23.00-ге дейін жұмысын жалғастыруға рұқсат етілген.

Қауіптің жоғары деңгейіндегі Павлодар облысында бір тәулікте вирус жұқтырушылар саны 246-ға жетті. Соның салдарынан бүгін жеті ауыл карантинге жабылып, жан-жағына 20 санитарлық бекет орнатылды. Қоғамдық көлік жұмысы тоқтатылып, мекемелерде екі сағатқа жұмыс уақыты қысқарған. 

Батырбек Әлиев, Павлодар облысының бас санитар дәрігері:

- Аталған аймақта шектеу күшейтілді. Бетперде тағып, әлеуметтік ара-қашықтықты сақтауы тиіс. Учаскелік қызмет жасырын отбасылық және ұжымдық іс-шараларды қадағалайтын болады. Бұған қоса мектеп оқушылары қашықтан оқуға көшті. Монша, сұлулық салоны, спорт залдар мен мешіттердің жұмысы тоқтатылды. Катаң карантин екі аптаға дейін жалғасады.

«Қызыл аймақта» тұрған Көкшетау қаласында жаңа оқу жылынан бастап 243 оқушы вирус жұқтырған. Бұған дейін офлайн оқып келген оларды карантинге жіберуге шешім шығарылды. Өйткені бір мектепте жұқпалы дерт анықталған бір пән мұғалімі 8 сыныпқа сабақ беріп келіпті.

Қанат Ысқақов, Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы:

- Жыл басынан 101 кісі. Бір аптада 8 баладан шықты, 25-қаңтардан бастап. Осыған байланысты бүгінде 11 мектеп карантинге жабылды. Бүкіл оқушы қашықтан оқуға көшті.

Қазір аурудың ең қауіпті аумағында Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары тұр. Нұр-Сұлтан қаласы мен Атырау, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды облыстары «сары» деңгейде. Елде соңғы тәулікте 1259 адамнан коронавирус анықталған. Ал дертті жұқтырғандардың жалпы саны 188 мыңға таяу.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде