{metadescription}
Вакциналау аймақтарда қалай жүргізіліп жатыр?
Вакциналау аймақтарда қалай жүргізіліп жатыр?

Вакциналау аймақтарда қалай жүргізіліп жатыр?

Коронавирусқа қарсы вакцина бүгін өзге өңірлерге де жеткізілді. Таңнан бері дәрігерлер мен шенеуніктер екпе салдырып жатыр. Арасында  инеден қатты қорқатындары да бар екен. Ал Маңғыстау облысында бірде-бір адам коронавиусқа қарсы екпе салдырған жоқ. Бұл өңірге әкелінген вакциналар қоймада сақтаулы.

Вакцинаға қатты қуанған аймақ Көкшетау сияқты. Мұнда екпе алуға дәрігерлер кезекке тұрып, депутаттар жаппай ерте келген. Облыстық,қалалық мәслихат депутаттары мен  әкім орынбасарлары, департамент басшылары – 30 шақты шенеунік түске дейін вакцина салдырып үлгерді. Өңірге жеткізілген «Спутник V» вакцинасының 1100 дозасы алдағы екі күнде салынып бітеді деп жоспарлануда.

Нұрлан Жаров, Ақмола облыстық ауруханасының бас дәрігері:

- Мен басшы ретінде, дәрігер ретінде, жалпы қызметкерлерге үлгі көрсетіп, ел тұрғындарына осы екпенің маңызы зор және қажет екенін көрсету үшін өзім бірінші келдім.    

Короновирусқа қарсы екпе егуден ең енжар аймақ – Ақтөбе – дәрігерлерге бар-жоғы 960 вакцинаны салуға бір айдай уақыт керек екен. Тағы 40 дозаны белсеніп шыққан шенеуніктерге үлестірмек. Жасы 65-тен асқандарға вакцина салынбайды дегенімен, Ақтөбеде індетке қарсы екпе зейнеткерлерге де егілетін болды.

Рүстем Исаев, Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Вакцинаның күші алты ай, бір жыл имуниттетті ұстап тұрады. Имунитет бар болса, адам ауырмайды. Екпе жеңіл түрде өтеді. Ондай қиын жағдайға апармайды. Қазіргі таңда ең қатты ауыратын – 60-тың үстіндегі адамдар. Сондықтан вакцинаны біз үлкен кісілерге де ектіреміз.

Атырау мен Жамбыл облысының шенеуніктері инеден қатты қорқатын болып шықты. Атырау әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова инеден бала күнінен фобиясы бар екенін ашық айтады.

Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы тіпті күлкіге қалды. Әсет Қалиевтің  ине көрсе жаны түршігеді екен. Сондықтан үрейін жасыру үшін  вакцина саларда сағыз шайнап, ыржалақтап күле берді.

Әсет Қалиев, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: 

- Сабырлымын. Тек егуден қорқамын. Ха-ха-ха!

«Жасыл аймақта» орналасқан Маңғыстау мен Шымкент жаппай екпе салдыруға асықпайды. Бүкіл елде жүріп жатқан науқан Маңғыстау облысынан тіпті айналып өткендей. Өйткені бүгін бұл өңірде ешкімге екпе салынған жоқ. Әкелінген вакцина қоймаларға жеткізіліп жатыр.

Шымкент тұрғындарына ерікті егу наурыз айына ысырылып отыр. Кеселден құтқарады деген вакцинаны алғаш қабылдаған дәрігерлер тұрғындарды қорықпауға шақырды.

Айгүл Қылышбаева, Шымкент қалалық 6-шы емханасының бас дәрігері:

- Вакцина алған дұрыс. Себебі бұл вакцина, «ауырғанша, ауырмаудың жолын ізде» дейді ғой. Сол себепті ауырмаудың бір жолы деп есептеймін.

«Сары аймақтағы» Қарағанды облысы мен Семей өңірінің де дәрігерлері белсенді. Егу кабинеттерінің алды ығы-жығы. Тіпті  қарағандылықтар 1750 дозаны «үш-ақ күнде егіп тастаймыз» деп құлшынып отыр.

Короновирусқа қарсы вакцинаны ешкімге күштеп егуге болмайды. Сондықтан аймақтарда жаппай вакциналаудың қанша айға созылатынын ешкім дөп басып айта алмайды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде