Жандарбек Бекшин: Иненің қалай кіргенін сезбей қалдым
Алматыда бір күнде 200-ден астам адамға коронавирусқа қарсы вакцина салынды. Арасында індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерден бөлек, қала әкімінің орынбасары бар. Ресейлік «Спутник V» вакцинасымен мегаполистің бас санитары және қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы да егілді. Бірақ олардың шынайы екпе салдырғанына күмән келтіргендер болды.
Автор: Нұргүл Нұрланқызы
01.02.2021
Мегаполистегі №5 клиникалық ауруханада карантин талаптары ұмыт қалды. Нысанға адам шамадан тыс көп жиналып, әлеуметтік арақашықтық сақталмады. Себебі мұнда коронавирусқа қарсы егу жүргізілді. Ресейлік вакцинаға сенім артып, оны салдыруға қала әкімінің өзі болмаса да, орынбасары алғашқылардың бірі болып келген.
Ержан Бабақұмаров, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
- Басым да еш ауырған жоқ. Температурам да дұрыс. Дәрігерлер жаңа 30 минуттай қарады. 21 күннен кейін екінші вакцинаны аламын.
Мегаполисте 40 егу бөлмесі әзірленген. Бүгін соның 16-сы жұмысқа кірісті.
Вакцина салдыратын адам алдымен міндетті түрде дәрігердің қабылдауында болып, денсаулығы жіті тексеріледі. Қан қысымы мен дене қызуы өлшеніп, сатурация деңгейі қаралады. Бәрі қалыпты болған жағдайда ғана егу бөлмесіне жіберіледі.
Екпеден кейін де азаматтарға жеке бөлме қарастырылған. Вакцина алған адам онда жарты сағатын өткізеді.
Ресейлік екпенің 2050 дозасы Алматыға кеше жеткізілген болатын. Ол арнайы мұздатқышта сақталады.
Нариман Табынбаев, Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы:
- Алматыға жалпы 150 мың доза жеткізіледі. Оның ішінде осы жолы 2050 дозасы әкелінді. Медициналық қызметкерлерге бөліп беріп жатырмыз. Жедел жәрдемде істейтін фельдшерлеріміз, фильтрде істейтін әріптестеріміз, сосын инфекциялық ауруханаға жұмыс істейтін қызметкерлеріміз бар. Жалпы алғашқы партиясын бірінші қатарда жұмыс істейтін медициналық қызметкерлерге бөліп отырмыз.
Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы да тәуекелге барғандардың бірі. Жандарбек Бекшин де вакциналаудан қалыс қалмады. Ол жазда коронавируспен ауырса да, ағзасында антидене қалмапты. Осылай деген бас санитар бүгін «иненің қалай кіргенін сезбей қалдым» дейді. Өйткені жыл сайын түрлі вакцина алып үйреніпті. Десе де бұл жолы иненің шынайы екеніне күмән келтіргендер табылды.
- Инені көрсетіңізші. Шын ине ме?
- Әрине.
Осыдан кейін кезек ақыры қарапайым дәрігерлерге жетті. Әзірге вакцинаның кері әсері де ешкімнен байқалмады. Ақпанның соңында Алматыға «Спутник V» вакцинасының кезекті бөлігі жеткізілуі тиіс.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!