Вакциналау: Дәрігерлер емханада шенеуніктердің алдында зыр жүгіріп жүр
Бюджеттің миллиардтарына сатып алынған ресейлік вакцинаны қазақстандықтарға салу басталды. Елде алғаш болып екпені Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой емес, оның нөкерлері қабылдады. Бас санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен вице-министр Ажар Ғиният екпеден кейінгі жағдайын айтып, препаратқа шаң жуытпады.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
01.02.2021
«Қайта халық вакцинаны көбірек алса, баяғы өмірімізге қайта ораламыз» - деп сендірді.
Коронавирус жұқтырып уақыттан ұтылып шығындалғанша, денсаулық сақтау министрлігінің вице-министрлері тегін вакцинаны салдыруды жөн көргендей. Бүгін елордадағы емханаға барған шенеуніктердің алдында ақ халаттылар зыр жүгіріп жүр. Вип-пациенттер жіті тексерілген соң, медбике алдымен бас санитар дәрігер Ерлан Қиясовқа Ресейде өндірілген вакцинаны салып берді.
- Өзімді жайсыз сезінбеймін.
Қиясовтың ізін ала екпе қабылдаған екінші вице-министрдің де жағдайы қалыпты. Ажар Ғиният бүгін дәрігерлерге емес, дәрігерлер шенеунікке ескерту жасады.
- Тәулік бойы суға түспейсіз!
Талапқа сәйкес, қос шенеунік бақылау бөлмесінде тапжылмай отырды. Ақ халатты әріптестері министр орынбасарларының вакцинаны өз еркімен салдырғаны туралы келісімін алған соң, жарты сағаттан кейін бір-ақ босатты.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:
- Денеге кірген белок дейміз, басқа бір дәрі болғандықтан, әрбір жасалған екпенің жергілікті әсері болады. Ертең қолымыз аздап ісуі мүмкін, сосын жасалған жері ауруы мүмкін.
Егер егілген адамның жағдайы күрт нашарлап, не препараттың жағымсыз әсері байқалса, Денсаулық сақтау министрлігі әр оқиғаны майшаммен қараймыз деп отыр.
Ерлан Қиясов, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Вакциналаудың әр кезеңінде өндірушіден бастап емдеу мекемелеріне дейін жауапкершілік ортақ, барлығына бірдей. Әрине, денсаулық сақтау министрлігі әрбір жағдайды жекелеп қарап тексереді. Сол үшін өңірлік, қалалық денсаулық басқармалары жанынан арнайы комиссия құрылады.
Вице-министрлердің екпе салдыруы елде жаппай вакциналаудың басталғанынан хабардар етуге арналған шара болғаны белгілі. Алайда бұл күні шараға қатысушылар арасында ешқандай қашықтық сақталмады. Тіпті шенеуніктердің емханадан кеткені сол еді, ұйымдастырушылар БАҚ өкілдерін желкелеп мекемеден қуып шыққысы келді.
- Түсірме, директор, бас дәрігер айтты.
«Спутник V» екпесін таңдап, оны салдыруға келген Нұр-Сұлтанның денсаулық сақтау басқармасының басшысымен өткен шарада да адам қарасы көп. Тимур Мұрадов міз бақпады. Вакцинаға дейін де, кейін де оның көңіл-күйі жақсы. Жақсы болғаны соншалық, елорданың бас дәрігері орталық коммуникация қызметіндегі брифингке қатысса, ал қалған екі вице-министр жұмысына кетті. Шенеуніктер 21 күн бойы бақылауда болады.
Ал Covid-19-ға қарсы екпені бірінші болып салдырамын деген Алексей Цой бүгін еш жерден төбе көрсетпеді. Вакцина салдырған ақ жағалылардың Ресей препаратын салдырмасқа амалы жоқ. Өйткені коронавирусқа қарсы қазақстандық Kaz-Covid-in екпесі тек наурызда тіркеледі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!