{metadescription}
Алматыдағы өртте 20 көліктің құр қаңқасы қалды
Алматыдағы өртте 20 көліктің құр қаңқасы қалды

Алматыдағы өртте 20 көліктің құр қаңқасы қалды

20 көліктің құр қаңқасы қалған. Алматыда отқа оранған техникалық қызмет көрсету орталығының ішіндегі көліктер түгел жанып кетті. 600 шаршы метрді шарпыған жалыннан адамдар зардап шеккен жоқ.

Ал қымбат темір тұлпары күлге айналып, қып-қызыл шығынға батқан азаматтар өтемақыны кімнен дауларын білмей жүр. Себебі, көлік жөндеу орталығының басшысы мән-жайды түсіндіруге құлықсыз.

Қаланың қақ ортасындағы көлік жөндеу орталығы түнгі сағат 10 шамасында отқа оранған. Қызыл жалын көзді ашып-жұмғанша күш алып, ешкімге дес бермеген. Лапылдап жанған өртті 40 адам мен 15 техника бір сағатта әрең ауыздықтапты. Өрттен орталықтың ішінде тұрған 20 көлік түгі қалмай жанып кетті. Күлге айналып тек қаңқасы қалған темір тұлпарлар қайта қалпына келтіруге мүлдем жарамайды. Ал бір-ақ сәтте жаяу қалған көлік иелері шығынды кімнен өндіріп аларын білмей жүр.

Солардың бірі – Думан. Төтенше жағдайды таңертең естіген ол алып-ұшып осында жетіпті. Көлігін күрделі жөндеуден өткіземін деп жер сипап қалған азамат арызды да кімге жазарын білмей басы қатқан.

Думан Уәлиев, көлік иесі:

Қозғалтқышын 330 мыңға жасағанмын. Түбіртегі бар. Жүргізілетін бөлігін түгел жасаттым. Қорабын ауыстырып, керемет машина болады деп ойлағанмын. Енді осындай жағдай болып жатыр. Көліксіз қалдым. Не істеймін? Білмеймін. Көреміз. 

Думанның күйін кешкендердің арасында жалғыз машинасымен жолаушы тасымалдап жан бағып жүргендері де жетерлік. Кіріс көзінен айрылғандар: «Енді отбасымызды қалай асыраймыз?» - деп налиды.

Равшан Хамбаев, көлік иесі:

- Такси жүргізушісі болдым. Несиеге алған көлігім, міне, түкке жарамай қалды. Отбасым бар. Отадан кейін жұмысқа жақында кірісіп едім. Өте қиын жағдай. Айтарға сөзім жоқ. 

Сау тамтығы қалмаған темір тұлпарлардың арасында құны 8 миллион теңгеден асатын қымбат маркалы машиналар да бар. Тілсіз жау аңғардың сыртында қаңтарылып тұрған төрт көлікті де бүлдіріпті. Төтеншеліктер алапат өртке алдын ала болжам жасау өте қиын екенін жеткізді.

Гүлдана Нұрымбетова, Алматы қаласы ТЖД ресми өкілі:

Оқиға орнынан төрт газ баллоны шығарылды. 15 автокөлік оқшауланды. Абырой болғанда зардап шеккендер мен мерт болғандар жоқ.Нысанның аумағы 1300 шаршы метр. Өрт сөндірушілер 600 шаршы метрде өрттің таралуын тоқтатты. Өрт күрделі болғандықтан, полицияның жедел тергеу тобы және өрт зертханасы жұмыс атқаруда.

Көлік жөндеу орталығының басшысы сұхбат беруден бас тартты. Қазір мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр. Шығын көлемі де есептелуде. Ал айтып келмейтін апаттан кейін көлігінің күл-талқаны шыққан азаматтарға өтемақыны кім беретіні әзірге белгсіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде