{metadescription}
Шымкентте 300-ге жуық автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты
Шымкентте 300-ге жуық автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

Шымкентте 300-ге жуық автобус жүргізушілері жұмысқа шығудан бас тартты

Шымкентте 300-ге жуық автобус жүргізушісі мен кондукторлар жұмысқа шығудан бас тартты. Себебі, тәулігіне 18 сағат жұмыс істейтін жүргізушілердің жалақысы тым аз, ал жұмыста еш жағдай жасалмаған дейді.

Әрі басшылар күнара жоспарды көбейтіп жіберетін көрінеді. Қаладағы ең ірі «Шымкент Бас» автопаркіндегілер жұмысқа шықпаған соң, аялдамалар адамға толып, аласапыраны шықты.

Шымкенттің бас тасымалдаушысы «Шымкент Бас» компаниясының 300-ге жуық жүргізушісі мен кондукторы таңғы сағат 6-да жұмысқа шығудан  бас тартты. Жалақы тым аз дейді. Тәулігіне 18 сағатқа  жұмыс істеп, 120 мың теңгеге жуық айлық алады екен. Жанар май, күнделікті автобусты жуу қызметі де сол жалақының есебінен жүреді. «Тіпті автобус бұзылса да, қосалқы бөлшекке қалтамыздан қаржы шығарамыз» - дейді.

Бауыржан Керімқұлов, автобус жүргізушісі:

- 120 мың теңгеден түскі ас, басқасы бар, жол апаты бар... 120 мың неге жетеді? Көлікке соғылысып қалсақ, автопарк көтермейді. Бәсекелес көп, жарысасасың, қалада автобус көп қой. «Жарыспа» - дейді. Жарыспасаң, қайдан план тауып бересің, мысалы. Жоспар – 23 мың теңге. Оны біз төлейміз.

«Төлем» жүйесі іске қосылғалы тіпті қиын дейді жүргізушілер. Ол жүйе күнара істен шығады екен. Ал төлемді қолма-қол жасауға  тыйым салынған. «Соның салдарынан күндік жоспар орындалмай жатыр» - дейді жиналғандар.

Жандос Мылтықбаев, автобус жүргізушісі:

- «Біздің қалтамызда карточка бар, карточкамен ал» - дейді. Ал аппарат істемесе, оны қалай аламыз? Хабарласады, ал мобильді топ тек түсте келеді. Түске дейін біздің жоспарымыз бар ғой. Кешке келсек, кассада бір-бірінің үстіне шығып кетейін деп тұрады. Бір-ақ касса. Кешкі сағат 9-дан 11-ге дейін тұрамыз, 300 адам бір кассаға кезекте тұрады. Үйге түнгі 12-де барамыз.

Қызметкерлер: «Қит етсе салатын басшылықтың айыппұлынан да шаршадық» - дейді. Билетсіз мінгендер немесе жолаушылар бетпердесіз кірсе, әр жүргізушіден 7 мың теңге қағып алады екен.  

- 850 теңгені балама ұсақ-түйек алу үшін сонау жерге жаяу баруым керек. Көлік жуу керек, автобустың ішін тазалайсың, жуасың, айдап жеткізіп апару – 700 теңге. Бәрін есептеп шығарып тастайсың да, міне, мына ақшаны үйге алып барасың.

Ал әкімдікке тиесілі автопарк басшылығы: «Жүргізушілер оңай ақшадан қағылған соң қырсығып  отыр» - деп санайды.

Азат Фархад, Shymkent Bus ЖШС-нің директоры:

- 100 пайыз адал жұмыс істесе жалақысын көтереміз. Біз тексердік қой. Олар жолаушылардың бергенін өз қалтасына басқысы келеді.Сондықтан жоспарды көтергеніміз рас.

Бірақ жүргізушілер басшыларының айтқанын жоққа шығарады. Жұмысқа шығудан бас тартқандарды қала әкімі де райынан қайтармақшы болған. Бірақ ашулы топ ешқайсын тыңдамады.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

- Мен сендерге шын айтайын, егер қазір шықпаған жағдайда басқа да әрекет жасаймыз. Бұдан ешкім ұтпайды. Бәріміз де, сіздер де, біз де ұтыламыз. Бірақ қала тұрғындары кінәлі емес, тағы айтамын.      

Шымкент әкімі Мұрат Әйтенов жүргізушілерді әупірімдеп жүріп көндірді. Бес сағаттан астам наразылық танытқандардың көпшілігі автобусына мініп, жұмысына кетті. Енді әкімнің уәдесімен бүгін кешкі сағат онда 800-ге тарта автобус жүргізушісі мен қала басшысы қайтадан автопаркте жолығып, барлық мәселеге нүкте қоймақшы. 

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

06 қыркүйек

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде