{metadescription}
Ақша шешіп алуға рұқсат беріле, баспана қымбаттап кеткен
Ақша шешіп алуға рұқсат беріле, баспана қымбаттап кеткен

Ақша шешіп алуға рұқсат беріле, баспана қымбаттап кеткен

Зейнетақы қорынан алынатын артық ақша банктер мен құрылыс компанияларының ғана қалтасын қампайтып жатыр. Өйткені артық ақшаны шешіп алуға рұқсат етілгенімен, баспана нарығы әлдеқашан қымбаттап кеткен. Қазіргі шешіп алып жатқан ақша тек сол айырмашылықты өтеп жатыр дейді мамандар.

Осы жайға қаныққан Мәжіліс депутаттары да Үкіметтен президент тапсырмасын дереу орындауды, яғни бағаны ауыздықтауды талап ете бастады. Ал экономистер ипотекалық бағдарламаларды  жою керек дейді. Қысқасы, зейнетақы жинағының бір бөлігін жарату жағдайды оңалтқаннан гөрі, әлдеқайда қиындатып жіберген секілді.

Бүгінде баспана алудың бағдарламасы көп. «Отбасы банкінің» ипотекасын және қосыңыз. Бұлардың әрқайсы бойынша жүздеген миллиард қаражат жұртқа ипотекалық қарыз ретінде беріледі. Оған биыл зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану қосылды. «Бірақ мұның бәрі нарықты қымбаттатқаннан басқа пайдасы жоқ» -  деп, бүгін Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов ашуға мінді.

Аманжан Жамалов, Мәжіліс депутаты:

Әрине, біздің құрылыс компанияларымызға мұндай жаңалық әсер етпей қоймады. Онсыз да қымбат пәтерлердің бағасы тағы да арта түспек. 2020 жылы жаңа тұрғын үй бағасы 5 пайызға, дайын үй бағасы 13,2 пайызға өсті. Бұл ресми статистика. Ал Krisha.kz порталының мәліметі бойынша, Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы орташа баға 2020 жылы 17,2 пайызға өскен.

Депутаттың уәжін экономистер де қолдайды. Сарапшылардың айтуынша, дайын үйлердің бағасының өсуіне сол жеңілдетілген несиелендіру бағдарламаларының өзі әсер етіп отыр. Былтыр орташа сыйақы мөлшері нарықта 15-16 пайыз болса, ипотекалық бағдарламаларда 7-8 пайыз деңгейінде болды. Оған енді зейнетақы жинағының бір бөлігін жарату қосылды. Артық ақшасын шеше алатындардың орташа көрсеткіші 3 миллион теңге десек, оның ішінде шешіп алғысы кеп отырғандардың орташа көрсеткіші 1 миллион 200 мың теңге. «Бірақ оны нарық әлдеқашан жеп қойған» - дейді мамандар.

Андрей Чеботарев, EXANTE халықаралық инвестициялық компаниясының сарапшысы:

Нарық кез келген жаңалықты алдын ала еңсеріп қояды деген түсінік бар. Қазір ақшаны алуға рұқсат берді, демек соның әсерінен нарық қымбаттады деуге болмайды. Қазір қымбаттағаны рас, бірақ оның себебі басқа. Шын мәнінде зейнетақы қорындағы ақшаны уәде еткеннен-ақ нарық қымбаттай бастаған. Зейнетақы қорынан алатын артық ақшамызды нарық сол уақыттан бері жеп қойған.

Дегенмен риелторлардың айтуынша, сатушылардың шамамен 30 пайызы ғана бағасын өсірген. Яғни тап зейнетақы жинағының бір бөлігін жарату әсерінен баспана бағасы жаппай күрт өсті дегенге олар келіспейді.

Ғалым Ысқақов, риэлторлық компания директоры:

Ашық дереккөздер бойынша, ақшасын шешіп жатқандардың 42 пайызы қазіргі ипотекалық несиесін жапқысы келеді. Яғни жартысына жуығы жаңа үй сатып алмайды, тек бар несиесін жабуға жұмсайды деген сөз. Сондықтан нарыққа аса қатты әсері болмайды. Өйткені кезінде «Баспана хит» бағдарламасы басталғанда ондағы қаржы көлемі 5 есе көп болған. Бірақ нарық соншалық даурыға қойған жоқ.

Бірақ нарықтың жыл сайын аз-аздан баға қосып келе жатқанын олар да мойындайды. «Баспана құны күрт шарықтамай, біртіндеп өсіп келе жатыр» деген тұжырымға келгенде экономистер мен риэлторлардың пайымы бір ортадан түйісіп тұр.

Ал бағаны қалай тұрақтандыруға немесе түсіруге болады? Мамандар бағаны билік тарапынан тізеге салып ауыздықтауды қолдамайды. Керісінше, жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды мүлде жою керек дейді. Екіншіден, үй алғысы келетін адамның төлем қабілетін жіті тексеруді ұсынады. Сол кезде ғана нарық өздігінен бағаны түсіруге мәжбүр болады деген ұстанымда.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде